Нобель сыйлығының лауреаты, қытайлық жазушы Мо Яньның Қазақстанға әдеби сапары елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналды. Бұл сапар қазақ-қытай әдеби байланыстарының жаңа кезеңін бастап, ұлттық әдебиетті халықаралық деңгейде таныту мәселелеріне тың серпін берді.
Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов қазақ әдебиетінің халықаралық кеңістікке шығуы, Мо Яньның сапарының маңызы және екі ел арасындағы әдеби ынтымақтастық туралы пікір білдірді.

–Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньның Қазақстанға келуінің қазақ әдебиеті үшін маңызы қандай?
– Мо Яньның Қазақстанға жасаған әдеби сапары – қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстарын кеңейтудегі тарихи маңызы бар оқиға. Әлемдік әдебиеттің ең беделді өкілдерінің бірі саналатын Нобель сыйлығының лауреатының қазақ оқырманымен, зиялы қауыммен және қаламгерлермен тікелей жүздесуі әдебиетіміздің халықаралық деңгейдегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Бұл сапар екі ел арасындағы әдеби байланыстарды жаңа деңгейге көтерді. Астана мен Алматыда өткен кездесулер барысында әдебиеттің бүгінгі дамуы, аударма ісі, ұлттық әдебиетті әлемге таныту мәселелері кеңінен талқыланды. Біз үшін ең маңыздысы қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби кеңістіктегі орны туралы ашық пікір алмасу болды.
Сонымен бірге бұл сапар нақты нәтижелерімен де құнды. Қазақстан Жазушылар одағы Қытай Жазушылар қауымдастығымен ресми хат алмасып, әдеби ынтымақтастықты дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстар жолдады. Қытай тарапы бұл бастамаларға қолдау білдіріп, байланыстарды жүйелі түрде жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
– Неліктен Мо Яньның сапарын Қазақстан үшін маңызды мәдени оқиға деп айтуға болады?
– Өйткені бұл тек шығармашылық кездесумен қатар мәдени дипломатияның нақты көрінісі болды.
Қазақстан Жазушылар одағы соңғы уақытта «Қазақ әдебиетін халықаралық кеңістікте дамыту және ілгерілету» мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын әзірлеп, оны мемлекеттік органдардың қарауына ұсынды. Бағдарламада қазақ әдебиетін әлем тілдеріне аудару, халықаралық әдеби форумдарды тұрақты өткізу, шетелдік жазушылармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру, әдеби агенттік жүйесін қалыптастыру секілді маңызды бағыттар қамтылған.
Мо Яньның Қазақстанға келуі – осы жұмыстардың нақты жүзеге аса бастағанының айқын дәлелі.
– Осындай кездесулер Қазақстан мен Қытай арасындағы әдеби диалогтың дамуына қаншалықты ықпал етеді?
– Әдебиеттегі ең үлкен жетістік – халықтардың бірін-бірі жақынырақ тануы. Мұндай кездесулер тек пікір алмасумен шектелмейді. Олар жаңа аудармалардың дүниеге келуіне, ортақ жобалардың басталуына, жас қаламгерлердің халықаралық тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.
Біз Қытай Жазушылар қауымдастығымен тұрақты әдеби байланыс орнатып, қаламгерлер делегацияларын алмастыру, бірлескен антологиялар шығару, жастар форумдарын өткізу жөнінде ұсыныстар жасап келеміз.

– Мо Яньның шығармашылығы қазақстандық оқырман үшін несімен қызықты?
– Мо Янь – ұлттық өмірді әлемдік көркемдік деңгейге көтере білген жазушы. Ол өз халқының тағдырын, ауыл өмірін, тарихи өзгерістерді суреттей отырып, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелерді көтереді.
Қазақ оқырманы үшін де бұл дүниелер өте жақын. Өйткені біздің әдебиетіміз де туған жерді, ұлттық рухты, тарихи жадыны, адамгершілік мәселелерін басты тақырыптардың бірі ретінде қарастырады.
– Оның шығармаларындағы қандай тақырыптар қазақ оқырманына жақын?
– Ар-ождан, адам тағдыры, ұлттық жады, отбасы құндылығы, тарихи жауапкершілік, ізгілік пен зұлымдықтың мәңгілік тартысы – мұның бәрі қазақ әдебиетіне де тән тақырыптар.
Сондықтан Мо Янь шығармаларын қазақ оқырманы жатсынбай қабылдайды.
– Мо Янь шығармашылығы мен қазақ жазушылары арасында шығармашылық үндестік бар ма?
– Әрине бар. Бұл жөнінде Мо Яньның өзі де жанама түрде пікір білдірді.
Қазақстандағы әдеби сапарынан кейін мен Мо Яньға арнайы хат жолдап, қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдіктің шығармашылығы жөнінде ойымды айтып, оның қытай тіліне аударылған «Парасат майданы» повесін оқып шығуын өтінген едім. Сонымен бірге егер шығармашылығы жоғары бағаланса, Төлен Әбдіктің кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну мүмкіндігін қарастыруды сұрадым.

Көп ұзамай Мо Янь арнайы жауап хат жолдап, шығарманы толық оқып шыққанын хабарлады.
Ол хатында: «Парасат майданын» оқығанда Лу Шүннің «Есалаңның естелігі», Дантенің «Құдіретті комедиясы», Гетенің «Фаусты» және Итало Кальвиноның «Қақ бөлінген виконт» шығармалары есіме түсті» деп жазды.
Бұл – қазақ әдебиеті үшін өте жоғары баға.
Сонымен қатар Мо Янь Нобель сыйлығының бір ғана шығармаға емес, жазушының тұтас шығармашылық мұрасына берілетінін, оның негізгі еңбектері алдымен ағылшын, француз, неміс секілді Батыс тілдеріне кеңінен аударылып, халықаралық әдеби айналымға енуі қажет екенін атап өтті. Ол әзірге мұндай ұсыныс жасай алмайтынын, бірақ болашақта бұл мәселеге қайта оралуға болатынын жеткізді.
Меніңше, осы хат алмасудың өзі қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби кеңістіктегі орны туралы өте маңызды әңгіме басталғанын көрсетеді.
– Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы әдеби ынтымақтастық қалай дамып келеді?
– Соңғы жылдары байланыс айтарлықтай жанданды. Қазақ және қытай тілдеріне өзара аудармалар көбейіп келеді. Жазушылардың өзара сапарлары жиілеп, халықаралық кітап көрмелері мен әдеби форумдарға қатысу кеңейді.
Қазақстан Жазушылар одағы бұл жұмысты кездейсоқ кездесулер деңгейінде қалдырмай, жүйелі әріптестікке айналдыруды көздейді.
– Әдебиет арқылы мәдени дипломатия қандай мүмкіндіктер ашады?
– Әдебиет – халықтардың бір-бірін терең түсінуіне мүмкіндік беретін ең ықпалды күштердің бірі.
Кейде саясат шеше алмайтын мәселелерді мәдениет шешеді. Ал әдебиет – мәдени дипломатияның ең сенімді тетігі. Сондықтан біз халықаралық әдеби байланыстарды мемлекетаралық достықтың маңызды бөлігі деп санаймыз.
– Қазақ қаламгерлерінің Қытайда кеңінен танылуы үшін не істеу керек?
– Ең алдымен кәсіби аударма жүйесін қалыптастыру қажет. Біз ұсынған мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі де – осы.
Қазақ әдебиеті ағылшын, қытай, испан, француз және басқа да әлем тілдеріне тұрақты түрде аударылуы керек. Сонымен бірге халықаралық әдеби агенттер институтын қалыптастырып, әлемдік баспалармен ұзақ мерзімді әріптестік орнату қажет.
Мо Яньның хаты да осы мәселенің маңызын нақты көрсетті. Ол Нобель сыйлығына жетудің басты жолдарының бірі – шығармалардың Батыс тілдерінде кең таралуы екенін ашық айтты. Бұл – біз үшін өте маңызды сабақ.
– Мо Янь қазақстандық жазушылармен кездесуде қандай әсер қалдырды?
– Мо Янь өте қарапайым, терең білімді, ашық пікірлі тұлға екендігін көрсетті. Ол атақ туралы емес, әдебиеттің жауапкершілігі туралы көбірек айтты.
Әсіресе оның ұлттық әдебиетті әлемдік деңгейге шығарудың жолы – өз халқыңның өмірін шынайы жазу деген ойы көпшілікке үлкен әсер қалдырды.
– Оның қандай ойлары сіз үшін маңызды болды?
– Маған оның бір ғана шығармамен әлемдік мойындауға жету мүмкін еместігі, әдебиетте ұзақ жылдық шығармашылық жол мен жүйелі халықаралық таныстырылымның маңызы туралы айтқан пікірлері ерекше әсер етті.
Бұл – тек Төлен Әбдікке ғана емес, жалпы қазақ әдебиетіне қатысты өте маңызды ой.
– Бұл сапар Қазақстанның жас жазушыларына қандай үндеу береді деп ойлайсыз?
– Мо Яньның сапары жас қаламгерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әлемдік әдебиетке шығудың жолы – өз ұлтыңның рухани тамырынан ажырамай, сонымен бірге халықаралық әдеби кеңістікке ашық болу.
Бүгінгі жас жазушы тек жақсы шығарма жазумен шектелмеуі керек. Ол шығармасының әлем тілдеріне аударылуына, халықаралық әдеби ортаға енуіне, түрлі мәдени байланыстар орнатуға ұмтылуы тиіс.
Қазақстан Жазушылар одағы дәл осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз қазақ әдебиетін халықаралық кеңістікте дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны ұсынып отырмыз, шетелдік әдеби ұйымдармен байланыстарды кеңейтудеміз. Мо Яньның Қазақстанға келуі, одан кейінгі хат алмасу және қазақ әдебиеті туралы ашық пікірлері – осы үлкен жұмыстың маңызды кезеңдерінің бірі болды.
