2025 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия туризмнің даму қарқыны жөнінен әлемдегі ең жылдам өсіп келе жатқан өңір ретінде танылды. Бұл туралы Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) жаңа есебінде айтылды деп хабарлайды SteppeNews.kz, Өзбекстанның Uz24 басылымына сілтеме жасап.
Есепке сәйкес, бір жыл ішінде өңірдегі туризмнің жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қосқан үлесі 17,7%-ға артқан. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.
2025 жылы туризмнің Орталық Азия экономикасына қосқан жалпы үлесі 20,1 млрд АҚШ долларына жетіп, өңірдің жалпы ішкі өнімінің 4,3%-ын құрады. Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы бұл көрсеткіш 21,7 млрд долларға дейін өседі.
Шетелдік туристер саны артып, сала миллиардтаған табыс әкелді
WTTC мәліметінше, 2019 жылмен салыстырғанда туризмнің өңір экономикасына қосқан үлесі 27,1%-ға артқан. Дегенмен оның ЖІӨ-дегі үлесі 4,5%-дан 4,3%-ға төмендеген. Бұған экономиканың өзге салаларының бұдан да жоғары қарқынмен дамуы себеп болған.
2025 жылы Орталық Азиядағы туристік шығындардың жалпы көлемі 15,4 млрд долларды құрады. Оның 9,9 млрд доллары немесе 64,3%-ы шетелдік туристердің үлесіне тиесілі болса, ішкі туристер 5,5 млрд доллар жұмсаған.
Туристік шығындардың басым бөлігі – 84,5%-ы демалыс пен ойын-сауыққа бағытталған. Ал іскерлік сапарларға жұмсалған қаражаттың үлесі 15,5%-ды құрады.
Мамандар мұндай көрсеткіштер экологиялық, тау, мәдени-танымдық және шытырман оқиғалы туризмнің әлеуеті жоғары екенін көрсететінін атап өтті.
Туризм жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр
2025 жылы туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 9,5%-ға өсіп, 1,7 миллион адамға жетті. Қазіргі таңда Орталық Азиядағы әрбір 17-ші жұмыс орны туризм саласына тиесілі.
WTTC болжамынша, 2036 жылға қарай туризм индустриясындағы жұмыс орындарының саны 2,2 миллионға дейін ұлғаяды.
Сонымен қатар туристік инфрақұрылымға салынған инвестициялар 12,4%-ға өсіп, Орталық Азияны бұл көрсеткіш бойынша әлемдегі ең жылдам дамып жатқан үш өңірдің қатарына қосты.
Қазақстан мен Өзбекстан өңірдің негізгі туристік орталықтары болып қала берді
Есепке сәйкес, Орталық Азияға келетін шетелдік туристердің басым бөлігі көршілес мемлекеттерден келеді. 2025 жылы барлық шетелдік туристердің 29%-ы Қазақстаннан, 22%-ы Өзбекстаннан, 20%-ы Ресейден, 19%-ы Қырғызстаннан келген. Қытайдың үлесі 2%-ды, ал басқа елдердің үлесі 8%-ды құрады.
Өңір тұрғындарының өзі де көбіне көрші мемлекеттерге саяхат жасауды жөн көреді. Ең танымал бағыт – Өзбекстан. Оған барлық сыртқы туристік ағынның 25%-ы тиесілі. Одан кейін Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Түркия орналасқан.
WTTC сарапшыларының айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстанның туристік инфрақұрылымға белсенді инвестиция салуы өңірдегі бәсекелестікті күшейтіп отыр. Ал Өзбекстан мәдени-тарихи және экскурсиялық туризм бойынша көшбасшы мәртебесін сақтап келеді.
