Испанияның El País басылымының мәліметінше, Аликанте қаласында жүргізілген құрылыс жұмыстары кезінде шамамен екі мың жыл бұрын жасалған мәрмәр мүсіннің басы кездейсоқ табылды. Археологтардың пікірінше, бұл – ежелгі Римнің махаббат, сұлулық және құнарлылық құдайы Венераның бейнесі.
Оқиға Аликантедегі Альмадраба жағажайының маңында болған. Қалалық жағажайды қалпына келтіру жобасы аясында жұмысшылар су құбырын тарту үшін ор қазып жатқан кезде, тас, қиыршық және тұрмыстық қалдықтардың арасынан ақ мәрмәрдан қашалған әйел адамның басын байқап қалады. Құнды жәдігер бүлінбеуі үшін оны уақытша көпіршікті қаптамаға орап, қарапайым дүкеннің пакетімен алып кеткен.
Қала әкімдігі бұл олжа туралы екі аптадан кейін ғана ресми мәлімдеді. Мамандар мүсіннің І–ІІ ғасырларға, яғни Рим империясының гүлденген кезеңіне жататынын анықтап, оны шартты түрде «Аликанте Венерасы» деп атады. Қазіргі уақытта табылған орын бетонмен жабылып қойған.
Алайда ерекше жаңалық көп ұзамай саяси пікірталасқа ұласты. Қаланың мәдениет жөніндегі кеңесшісі Найма Бельджилали әлеуметтік желіде мүсін 20 мамырда табылғанын жазғанымен, кейін оның шын мәнінде 11 мамырда анықталғанын мойындап, мәліметті түзетті. Осыған байланысты оппозициялық партиялар жәдігердің табылу жағдайы мен оның әрі қарайғы тағдыры жөнінде толық түсініктеме беруді талап етті. Сонымен қатар мүсінді алғаш байқаған жұмысшылар өз еңбектерінің ресми түрде мойындалуын сұрап отыр.
Қазіргі кезде Венераның басы Аликантедегі қазіргі заманғы өнер музейінде (MACA) уақытша сақтаулы. Онда жәдігерге тазалау жұмыстары жүргізіліп, жан-жақты ғылыми зерттеулер басталған. Сарапшылар оның түпнұсқа екенін растады.
Мүсінді зерттеу ісін Мурсия университетінің археология профессоры, римдік мүсін өнерінің маманы Хосе Мигель Ногера қолға алған. Жәдігердің салмағы – 14 келі, биіктігі – 22,22 сантиметр, ені – 19,78 сантиметр.

Мәдени мұра бөлімінің басшысы Хосе Мануэль Перес Бургостың айтуынша, табылған бөлік табиғи көлемдегі мүсіннің басы болған. Мұны шаш үлгісі дәлелдейді. Артқы жағына түйілген шаш сәні Рим дәуіріндегі Венера бейнелеріне тән ерекшелік саналады. Осындай мүсіндер бұған дейін Таррагона, Севилья және Картахена қалаларынан да табылған.
Мамандардың айтуынша, жұмысшылар ор қазу кезінде археологиялық бақылау жүргізген компанияны бірден хабардар етпегенімен, құнды затты байқап, жұмысты дер кезінде тоқтатқан. Соның арқасында мүсін айтарлықтай зақымданбаған. Оның тек мұрын мен иек тұсында ғана аздаған бүлінген іздер бар.
Зерттеу барысында мүсіннің бетінде ежелгі бояудың өте аз мөлшердегі іздері сақталғаны белгілі болды. Сондай-ақ сарапшылар оның Грекиядағы немесе Италияның Каррара өңіріндегі мәрмәр кеніштерінен әкелінген сапалы мәрмәрдан жасалғанын айтып отыр. Бұл оның иесінің ауқатты адам болғанын көрсетеді.
Археологтардың негізгі болжамынша, Венера мүсіні кезінде ежелгі Луцентум қаласының аумағындағы бай тұрғынның үйін безендірген. Алайда ол аралас топырақ қабатынан табылғандықтан, нақты қай жерден келгенін анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізілмек.
Енді жәдігердің қай музейде тұрақты сақталатыны туралы шешімді Валенсия автономиялық қауымдастығының мәдени мұра басқармасы қабылдайды. Әзірге мамандар Венера мүсінін биыл көпшілік назарына ұсынып, кейін оның бірнеше көшірмесін жасауды жоспарлап отыр.
