Энрике Иглесиастың Қазақстандағы концерттері қарсаңында танымал қазақстандық әртістер, спортшылар, кәсіпкерлер мен блогерлер испаниялық әншінің шығармашылығы олардың өмірінде қандай ерекше орын алатынын айтып, өз естеліктерімен бөлісті.
Кейбірі үшін Энрике Иглесиастың әндері алғашқы махаббатты еске түсірсе, енді бірі мектеп кезін, отбасысын немесе жастық шағын еске алады.
Hero – ағасына деген сағыныштың символы
Lifestyle және fashion-блогер Карина Сыздықова Энрике Иглесиастың шығармашылығымен алғаш рет он жасында танысқанын айтты. Ол кезде бүкіл әлемге Bailamos әні кеңінен таралған еді.
Алайда Карина үшін ең қымбат ән – Hero.
Оның айтуынша, музыкаға деген сүйіспеншілікті ағасы дарытқан. Сондықтан бұл әнді естіген сайын балалық шағы мен ағасын еске алады.
«Hero – өмірімнің саундтрегі. Ол кезде әннің мағынасын түсінбейтінмін. Бірақ «Hero» – қаһарман деген сөз, ал менің өмірімдегі нағыз қаһарман – ағам. Осы әнді тыңдаған сайын жастық шағыма ораламын. Қазір айтып отырып та денем тітіркеніп кетті», – деді ол.
«Көп қыз сияқты мен де оған ғашық болдым»
Актриса әрі тележүргізуші Айнұр Ілиясова Энрике Иглесиастың әндерін алғаш рет мектеп қабырғасында тыңдағанын еске алды.
Ол әншінің кассетасын сатып алып, шығармашылығына ерекше қызығушылық танытқан.
«Ол өте әдемі болатын. Сол кездегі көптеген қыздар сияқты мен де оған аздап ғашық болдым. Әсіресе Дженнифер Лав Хьюитт түскен Hero әнінің бейнебаяны ерекше әсер қалдырды. Мектеп күндерім Энрикемен байланысты. Біз күнделіктеріміз бен дәптерлерімізді оның суреттерімен безендіретінбіз», – деді ол.
Сахнадағы ерекше естелік
Актриса, тележүргізуші әрі әнші Гүлнара Сильбаева үшін Could I Have This Kiss Forever әні шығармашылық жолындағы маңызды кезеңмен байланысты.
Ол бұл шығарманы Ерден Жақсыбековпен бірге «Один в один» шоуының финалында орындаған.
«Бұл ән мен үшін ерекше. Оның әр жолы сахнадағы үлкен эмоцияларымды еске түсіреді. Ал концертте ең көп күтетінім – Hero. Егер мүмкіндік болса, Энрикеге бірге ән жазуды ұсынар едім», – деді ол.
Уитни Хьюстонмен дуэт ерекше әсер қалдырған
Әнші әрі вокал продюсері Нора Нұғман Энрике Иглесиастың шығармашылығына Уитни Хьюстонмен бірге орындаған Could I Have This Kiss Forever әнінен кейін ғашық болғанын айтты.
«Оның әндері өте әсерлі әрі жанға жақын. Концертте дәл осы әнді асыға күтіп жүрмін. Энрикенің осы уақытқа дейін сахнада қалып, тамаша өнер көрсетіп жүргеніне үлкен құрмет», – деді әнші.
Алғашқы махаббаттың әні
Кәсіпкер әрі қаржылық кеңесші Әсел Әуелбекова үшін Hero мектеп кезіндегі алғашқы махаббатпен байланысты.
Ол 2001 жылы мектептің 11-сыныбында оқып жүргенде дәл осы әннің жарық көргенін айтып, шығарманың әр тыңдалымы сол кезеңді еске түсіретінін жеткізді.
«Энрикенің әндерімен тұтас бір буын өсті»
Кәсіпқой боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ангелина Лукас Энрике Иглесиастың әндерін алғаш рет он жасында тыңдаған.
Оның сүйікті әндерінің қатарында Ring My Bells, Bailando, Taking Back My Love және Hero бар
«Ring My Bells маған тыныштық пен махаббатты еске салады, ал Bailando би билегің келетін көңілді ән. Энрикенің әндерімен тұтас бір буын өсті. Қазақстанда оны асыға күтіп жүрміз және концертке үлкен қуанышпен барамыз», – деді спортшы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
