Ақтауда 14 жастағы мектеп оқушысы екі жасөспірімнің шабуылына ұшырап, ауыр жарақат алды. Оқиға видеоға түсіріліп, кейін жәбірленушінің досына қоқан-лоқы жасау үшін жіберілген. Қазір зардап шеккен жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Бұл туралы SteppeNews.kz, Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбірленушінің әпкесі Ақтоты Ахметқызының айтуынша, оқиға 4 тамыз күні таңертең 32А шағынауданындағы №10 үйдің маңында болған. Дүкенге шыққан 14 жастағы жасөспірімге шамамен 16–17 жастағы екі жасөспірім жақындаған.
Оның айтуынша, күдіктілер баладан телефоны арқылы сол үйде тұратын досына қоңырау шалып, сыртқа шығуын талап еткен.
Жасөспірім бұл талаптан бас тартқаннан кейін, олар оны соққыға жығып, болған оқиғаны ұялы телефонға түсірген. Кейін видеоны оның досына жіберіп, «Егер сыртқа шықпасаң, досыңның да күні осылай болады» деп қорқытқан.
«Бұл енді адамшылыққа жатпайтын әрекет – бұл қатыгездік. Осындай қарқынмен жүрсе, бұл жасөспірімдер адам өлтіруге дейін баруы мүмкін», – дейді Ақтоты Ахметқызы.
Оқиғадан кейін күдікті жасөспірімдер аналарының қатысуымен 32В шағынауданындағы №8 үйде орналасқан полицияның тірек пунктіне жеткізілген.
«Олар өз кінәсін мойындаған жоқ. Оның үстіне полиция қызметкерлерінің көзінше олардың бірі: «Иә, мен оны ұрдым. Қажет болса, тағы да ұрамын. Сонда маған не істей аласың?» деп айтып, бізге де агрессивті әрекет көрсетті», – дейді ол.
Зардап шеккен жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, компьютерлік томографиядан және басқа да тексерулерден өткен. Әпкесінің айтуынша, тексеруден кейін оның басынан ауыр жарақат анықталып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған.
Сондай-ақ Ақтоты Ахметқызы полицияның тірек пунктінде олардың арызы бірден қабылданбағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бірнеше сағаттан кейін ғана полиция басқармасына барып, ресми арыз бере алған.
«Біз полициядан, прокуратурадан, денсаулық сақтау басқармасынан және әкімдіктен бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмай, кінәлілерге ең қатаң шара қолдануды сұраймыз. Егер бүгін олар адамды аяусыз соққыға жыға алса, ертең одан да ауыр қылмысқа баруы мүмкін. Егер бұл жасөспірімдер дәл қазір тоқтатылмаса, келесі жолы біздің емес, басқа біреудің баласы зардап шегуі ықтимал», – деп мәлімдеді ол.
