
Гүлбақша Батыр – Қазақстанның батыр мінезді қыздарының бірі. Оның өмір жолы – бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысы, қазақ жастарының өр рухы мен елдік санасының оянуының айқын айғағы. Ол – Желтоқсан оқиғасының куәгері, сол күндердің қайғысы мен қаһармандығын жанымен сезген жан.
Балалық шақ пен арман жолы
Гүлбақша Фаизова Батыс Қазақстан облысында, Сырым ауданына қарасты Бұлдырты совхозында дүниеге келген. Тоғыз ағайынды отбасының үлкені болып бойжеткен, ол қарапайым қазақы тәрбие көріп өседі. Әкесі – қарапайым жұмысшы, анасы – тігінші. «Қазақы тәрбиедегі отбасымызда өстік» дейді Гүлбақша апай бұл күндерді еске алып.
Бұлдыртыдағы мектепті аяқтаған соң, жас қыз үлкен арман жетегінде Алматыға жол тартады. Негізгі мақсаты – Талдықорғанда орналасқан заң оқу орнына түсу еді. Алайда құжаттарының дұрыс болмауы себепті ол арманы орындалмай қалады. Дегенмен бұл жағдай оны тоқтатқан жоқ, 1984 жылы Алматыға келіп, қазіргі Аграрлық университеттің (ол кездегі АзВИ) студенті атанады.

Алматыдағы алғашқы сынақтар
Гүлбақша Алматыдағы алғашқы күндерді еске алғанда, сол кездегі көрген қыспақ пен кемсітушілікті жасыра алмайды. Оның өзі айтқан мына сөздер сол кезеңнің шындығын дәл береді:
«Мен 84 жылы Алматыға келдім. Сол кезде біз автобуста отырған кезде қазақша сөйлей бастасақ… біз өзіміз қазақ ауылының тәрбиесін көріп шыққан соң орыс тілін дұрыс түсінбейтінбіз. Өз арамызда қазақша сөйлеп қалғанда, орыстың кемпірлері отырып алып бізге „говорите на нормальном языке“ деп ұрсып, жекіп тастайтын. Сосын біз үндемей қалатынбыз», – дейді.
Бұл сөздер сол кездегі қазақ жастарының қоғамда өз тілінде сөйлей алмай, қысымда жүргендерінің дәл көрінісі. «Өзіңді кемсіткің келмегендіктен тіліміз келмесе де амал жоқ орыс тілін үйреніп, қатесіз айтуға тырыстық» – дейді. Бірақ қазақ жастарының бойындағы ұлттық намыс пен менталитет ешқашан өшкен емес: «Қазақта біздің бойымызда менталитет бар, ол жатпайды. Бір күні барыстай атылып шығады» – деп еске алады ол.
Желтоқсан. Тарихтың тар жолы
1986 жылдың қаhарлы желтоқсаны… Бұл – Гүлбақшаның өміріндегі ең ауыр да, ең шешуші кезең.
Қыздар жатақханасында отырған сәт болатын. Тамақтарын ішіп болғанда, бөлмеге құрбыларының бірі асығып кіріп келіп: «Қыздар, не істеп отырсыңдар? Студенттердің бәрі алаңға жиналып жатыр! Біздің басшымызды алып, орнына Колбинды қойыпты!» – деп хабар әкеледі. Мұны естіген төрт қыз да көп ойланбастан алаңға қарай бет алады.
Сағат түскі 3–4 шамасы. Алаңға барған кезде 200–300 адам жиналып тұрған. Қазақ милициясы алаңды қоршап тастағандықтан, олар арт жағынан кірген. Бірақ ең ауыр көрініс – арттан түсіріліп жатқан мұздай қаруланған, екі метр бойлы, қара киінген әскерлер еді. Қолдарында қалқан, шоқпар, дубинка, сапер күректері бар солдаттар алаңды басып келе жатқанын көргенде бойды еріксіз қорқыныш билеген.

Жастар «Елім-ай» әнін шырқап, бейбіт түрде наразылық білдіріп тұрған. «Егер сол кезде Қонаевтың өзі мінберге шығып, қайтыңдар десе, қайтып кетер ме едік…» – дейді Гүлбақша апай өкінішпен.
Алайда қарулы күш жастарға тұтқиылдан шабуыл жасайды. «Сапер күрекпен ұрғанда қара тұстарына тиіп, қан аққанын көріп, жастар жан-жаққа қаша бастады» – дейді ол. Гүлбақша да сол сәтте қашып жүріп қайтадан топқа қосылып қалған. Айуандықпен сабау тоқтамаған.
Осы кезде қазаққа тән бауырмалдық рухы оянды: өзгелерді құтқару үшін жанын қауіпке тіккен жастар көп болды. Солардың бірі Гүлбақша апайды құтқарып қалған. Белгісіз жас жігіт оны шыршаның түбіне лақтырып жіберіп, өзі әскерге ұсталып қалады. Кейін белгілі болғандай, ол жігіт бірнеше жыл түрмеде азап көрген, кейін Батыс өңірінде 2–3 жыл бойы паналап жүрген.
Тек 35 жылдан кейін ғана Гүлбақша апай сол жігітпен қайта кездесіп, Тұрсынбек Башар есімді журналист екеуін қауыштырып, олардың сұқпаты қоғамға тараған.
Ұлт азаттық рух
Гүлбақша бұл оқиғаны «Ұлт-азаттық көтеріліс» деп атайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары» деген сөзін ерекше құрметпен еске алады.
«Тәуелсіздікті алып бердік демеймін, бірақ оған титтей болса да себеп болдық» – дейді ол.
Желтоқсаннан кейінгі қудалау және жара
Алаңнан кейінгі үш күн – ең қорқынышты күндер. Алаңға қатысқандарды іздеп, түнде жатақханалардан, күндіз фабрикалардан сүйреп әкеткен сәттер Гүлбақшаның әлі күнге дейін есінде.
Оларды кабинетке шақырып, суреттермен тергеген, айқайлап, қысым көрсеткен. Көп адам таяқ жеген, кейбірі түрмеге түскен. «Әлі күнге дейін құлағымда сол айқайлар, сол дыбыстар тұрады» – дейді Гүлбақша, сұқпат кезінде көзіне жас алып. «Бұл – біз үшін үлкен таңба… үлкен таңба…» – деп сөзін әрең жалғайды.
Болашаққа аманат
Сұқпат соңында Гүлбақша Фаизова бүгінгі ұрпаққа үлкен үміт артты:
«Елімізді, тілімізді, ұлтымызды қадірлейік, дәріптейік. Оның бәрі – мына сіздердің қолдарыңызда», – деді толғана.
Гүлбақшаның өмір жолы – ерлікке толы тарих.
Ол – желтоқсанның ащы да шынайы куәгері, ұлттық рухтың тасымалдаушысы, тәуелсіздікке жол салған алғашқы жастардың бірі.
Оның жүрегіндегі жара – елдіктің құны.
Ал оның ерлігі – ұрпаққа аманат.
Аружан ОРАЗБАЙ

