StepppeNews.kz: Қазақстанда ауқымды қылмыстық және ел тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық әзірленіп жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, рақымшылық 15 мыңнан астам адамды және жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асатын миллионға жуық әкімшілік айыппұлды қамтуы мүмкін.
Рақымшылық Президенттің бастамасымен Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланбақ. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр.
ІІМ түсіндіруінше, қылмыстық рақымшылық қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмыс үшін сотталғандар да рақымшылыққа ілігуі ықтимал.
Сотталғандардың кейбір санаттары үшін жаза мерзімін қысқарту қарастырылған. Алдын ала есеп бойынша, рақымшылық шаралары 15 мыңнан астам адамға әсер етуі мүмкін. Оның ішінде шамамен 1,5 мың адам түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр.
Сонымен қатар рақымшылық террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарға, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандарға, азаптау фактілеріне, сондай-ақ жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстарға, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты істерге қолданылмайды. Қайталанған қылмыс жасағандар да бұл тізімге кірмейді.
Бұдан бөлек, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық енгізу жоспарланып отыр. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 15 мемлекеттік органның құзыретіне жататын 263 бабын қамтиды.
2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша азаматтардың, жеке кәсіпкерлердің, нотариустардың, адвокаттардың және жеке сот орындаушыларының өтелмеген әкімшілік айыппұлдарын есептен шығару ұсынылып отыр.
ІІМ желісі бойынша рақымшылық жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асатын миллионға жуық айыппұлды қамтуы мүмкін.
Алайда адам өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар кешірілмейді. Атап айтқанда, қару мен есірткінің заңсыз айналымы, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы бағытқа шығу, жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соққан құқық бұзушылықтар, қайталанған әкімшілік құқық бұзушылықтар және сот қарауындағы істер рақымшылыққа жатпайды.
ІІМ өкілдері рақымшылық қоғамдық қауіпсіздік деңгейіне әсер етпейтінін және ауыр қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын жоймайтынын атап өтті.
