SteppeNews.kz: Meta Instagram, Facebook және WhatsApp үшін ақылы жазылымдарды іске қосты. Бұған дейін бұл мүмкіндіктер шектеулі тестілеу кезеңінде болған. Instagram Plus пен Facebook Plus жазылымының айлық құны – 3,99 доллар, ал WhatsApp Plus – 2,99 доллар болады деп хабарлайды SteppeNews.kz Nege.kz-ке сілтеме беріп.
Instagram Plus және Facebook Plus қызметтерінде негізгі назар Stories бөлімінің мүмкіндіктерін кеңейтуге аударылған. Жазылушылар стористерді 24 сағаттың орнына 48 сағатқа жариялай алады, қаралым бойынша кеңейтілген статистикаға қол жеткізеді, өзге қолданушылардың стористерін жасырын қарай алады. Сондай-ақ интерфейсті жекелеуге арналған құралдар мен эксклюзивті анимациялық реакциялар ұсынылады.
Ал WhatsApp Plus жазылымында қосымшаны жекелеу мүмкіндіктеріне басымдық берілген. Пайдаланушыларға премиум стикерлер, жеке қоңырау әуендері және арнайы безендіру тақырыптары қолжетімді болады.
Бұдан бөлек, Meta компаниясы Meta AI жасанды интеллект қызметтері үшін айына 7,99 доллардан 49,99 долларға дейінгі жеке ақылы тарифтерді сынақтан өткізе бастады.
Жазылымдар әлем елдерінде кезең-кезеңімен іске қосылады. Сондықтан кейбір мемлекеттерде бұл қызметтер кейінірек қолжетімді болуы мүмкін.
Биыл Meta жарнамадан түсетін табысқа тәуелділікті азайтып, кіріс көздерін әртараптандыру мақсатында ақылы жазылымдар әзірлеп жатқанын растаған еді. Компанияның мәлімдеуінше, бұл қадам жасанды интеллектіні дамытуға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеуге де бағытталған.
Ақылы жазылымдар туралы хабарланғаннан кейін Meta акцияларының құны 3,7 пайызға өсті.
