SteppeNews.kz: Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында 2026 жылдың алғашқы үшемі дүниеге келді. Сырдария ауданына қарасты Басарық ауылының тұрғындары — 32 жастағы Мөлдір Бекбаулы мен 34 жастағы Нұрсұлтан Берікболдың отбасы осылайша бірден көпбалалы шаңырақтардың қатарына қосылды. Бұған дейін екі бала тәрбиелеп отырған Баймановтар әулеті енді үшеммен толықты.
Нәрестелер ағымдағы жылдың 27 наурызы күні, жүктіліктің 32-аптасында мерзімінен ерте өмірге келген еді. Салмағы 1210, 1470 және 980 грамм болып туған шақалақтарға ата-анасы Хадия, Дария және Жәния есімдерін берді.

Сәбилер екі ай бойы облыстық ана мен бала орталығының жоғары тәуелділіктегі нәрестелерге арналған арнайы күтім бөлімшесінде ем қабылдап, дәрігерлердің үздіксіз жіті бақылауында болды. Ақ халаттылардың білікті көмегі мен заманауи медициналық күтімнің нәтижесінде қыздардың жағдайы толықтай тұрақталып, салмақтары тиісінше 2390, 3390 және 2060 граммға жетті.
Ерекше жағдайды назардан тыс қалдырмаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Асылбекқызы перинаталдық орталыққа арнайы барып, нәрестелер мен ананы құттықтады. Ол басқарма атынан үшемнің ата-анасына арнайы сыйлықтар табыс етіп, сәбилерге ақ тілегін білдірді.
