Мен сіздің алғашқы марапатыңыз жайлы сұрағым келеді, қай жылы, қандай марапат алып едіңіз? — Ол кезде мен М.Әуезов атындағы драма театрда жұмыс істейтін едім, сол кезде фестиваль болып «Еңлік Кебек» спектаклімен қатысып Еңлік рөлінде ойнап алғашқы марапатымды алған едім. Бұл сол есімде қалған ең бірінші қуанышым болып қалыпты. Бұл 1980 немесе 1982 жыл еді. Содан кейін көп марапат алмадым бірақ. Көп жылдардан соң бастысы ҚР еңбек сіңірген қайраткер атағын алдым. Оған міне 14-15 жылдай уақыт болып қалыпты. Және де қазір біздің театрда (Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры) жақсы үрдіс бастаған, өзіміздің ішімізде кішігірім фестиваль жасау. Содан Мелисаның рөлімен «Ең үздік әйел» рөлін алдым. Енді жақында алған, барлық жерді шулатқан «Бернарда Альбаның үйі» спектаклі бойынша екінші пландағы Понсия ханымды ойнап «Үздік әйел бейнесі» үшін марапат алдым.

Осы марапатты алған соң сізде қаншалықты ары қарай дамуға құлшыныс болды? — Әрине қазіргі тілмен айтқанда үлкен мотивация болды. Жалпы бұл алып жатқан марапаттар ол сенің еңбегіңнің жемісі ғой. Менің ойымша ол тек өнерде ғана емес барлық салада марапат алу өте қуанышты жағдай. Негізі сол алғашқы марапатымнан кейін өте көп рөлдер ойнаппын. М.Әуезов театрында 14-15 жылдай жұмыс жасап біраз кейіпкерлерді сомдадым. Одан кейін осы Ғ.Мүсірепов театрына ауыстым. Содан бері бұл театрда да өте көп рөл ойнадым, есебі жоқ шығар. Адам одан қанаттанады, одан ары қарай ізденесің, басқа да рөлдерге дайындаласың, көп еңбек етесің.
«Бернарада Альбаның үйіндегі» Понсия ханымның рөлі менімше ерекше рөліңіздің бірі, ол спектакльді толықтай көріп шықтым шыны керек уақыттың қалай тез өтіп кеткенін білмей қалдық. Сіздің ойыңызша сәтті шыққан картина деп ойлайсыз ба? Қоғам ортасындағы кей жайттарды жеткізе алдыма халыққа? — Өте сәтті шыққан картина. Себебі екі Қазақстанда өткен фестивальден гран-при жүлдесін алды. Екінші ретте Халықаралық фестивальде гран-при алдық. Бұның бәрін біз бір айда ғана алдық. Сол кезде фестиваль жетекшісі Еркін Жуасбек біз залға кіріп кележатқанда «Тұлпарлар» деп қазылар алқасы тік тұрып қол соқты. Біздің өзіміз балаша таң қалып, қуандық. Себебі ешқашан олай қазылар алқасы риза болып, тік тұрып қол соққан емес. Халықтың қошеметі керемет болды, жарты сағаттай сахнадан кете алмай тұрдық. Бұл спектакль де мен ең алдымен Дина Жұмабайға рақмет айтар едім. Себебі ол қазіргі таңдағы алғы шепте жүрген режиссерлердің бірі дер едім. Себебі әрқашан жаңа дүниелер ойлап тауып, тіпті біраз жасқа келіп қалған мына біздерді таңғалдарытындай жұмыстар жасайды. Тағы айтарым осы қойылым мына өмірде болып жатқан көп жайттарды жеткізе алды деп ойлаймын. Біз қазір 21 ғасырда өмір сүрудеміз, соған қарамастан осы қойылымдағы оқиға әр жерде кездеседі. Халықаралық проблема депте айтса болады. Мұны көрген кез келген адам бұлай істеуге болмайтынын түсініп ойланады деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан: Сая ЖАНСЕИТ
