11 маусым күні «Үйлесім мен бірліктің сұлулығы. Көркем Іле» атты екінші мәдени алмасу іс-шарасы – «Белгілі қытайлық және шетелдік суретшілер Іледе» жобасы ресми түрде бастау алды. Ал 12 маусымда Ресей, Қазақстан және Өзбекстаннан келген 12 суретші қытайлық 12 суретшімен бірге Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусының 4-дивизиясына қарасты 79-полктің Генералдар алқабына барып, бірнеше күнге созылатын шығармашылық сапар мен пленэрлік жұмысын бастады. Қылқалам шеберлері осы сапар барысында Шыңжаңның ғажайып табиғаты мен бай мәдени келбетін кенеп бетіне түсіріп, өңірдің көркемдігін өнер арқылы паш етпек деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Іле өңіріне бармайынша, Шыңжаңның шынайы сұлулығын толық сезіну мүмкін емес. Іле Қазақ автономиялық облысы – Жібек жолы экономикалық белдеуінің маңызды тораптарының бірі. Өңір өзінің ерекше табиғи-экологиялық артықшылықтарымен және сан қырлы мәдени мұрасымен ерекшеленеді.

Іс-шараның басты мақсаты – өнерді халықтар арасындағы достықты нығайтатын алтын көпірге айналдыру. Сонымен қатар Қытай, Орталық Азия елдері мен Ресей суретшілері арасындағы тәжірибе алмасуды дамыту, өркениеттердің өзара ықпалдастығын арттыру және жаңа дәуірдегі Шыңжаңның келбетін халықаралық қауымдастыққа таныстыру көзделген.

Жобаға қатысушылардың бірі – Қытай суретшілер қауымдастығы төрағасының орынбасары әрі Цзянсу провинциясы суретшілер қауымдастығының төрағасы Лу Цинлун. Оның айтуынша, бұл шара тәжірибе алмасуға және кәсіби тұрғыда дамуға үлкен мүмкіндік береді.
– Бұл сапар арқылы қытайлық және шетелдік суретшілермен өзара тәжірибе бөлісіп, бір-бірімізден үйренеміз деп сенемін. Ең бастысы – Шыңжаң сұлулығының мәнін өнер арқылы жеткізу, – деді Лу Цинлун.
Ал Шыңжаңға алғаш рет келген ресейлік суретші Вера Спасибкина өңірдің табиғатына тәнті болғанын айтты.
– Шыңжаңға келіп, осындай көркем өлкеде сурет салу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Мұндағы табиғат ерекше әсем. Аздап жаңбыр жауып тұрғанымен, бұл біздің шығармашылық көңіл күйімізге еш әсер етпейді. Барлық қатысушы тамаша туындылар дүниеге әкеледі деп сенемін, – деді ол.
Пленэрлік жұмыстар аяқталғаннан кейін «Үйлесім мен бірліктің сұлулығы. Көркем Іле» атты қытайлық және шетелдік суретшілердің көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеде осы шығармашылық сапар барысында салынған ең үздік туындылар көпшілік назарына ұсынылмақ.

