Жетісудың көгінде қанат қаққан армандар. Бұл күндері Текелі мен Ескелді ауданының аспаны әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік парапланшылардың шеберлік алаңына айналды. Жетісу төрінде парапланерлік спорт бойынша Әлем кубогының кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды SteppeNews.kz.

10-28 маусым аралығында ұйымдастырылған халықаралық додаға 33 мемлекеттен келген 150-ден астам пилот қатысуда. Олар тау мен желдің тілін ұғып, көк жүзінде дәлдік пен кәсібиліктің нағыз үлгісін көрсетіп жатыр. Қазақстан намысын жеті спортшы қорғауда.
Дүбірлі жарыстың ресми ашылуы 14 маусым күні Талдықорған қаласының жағажайында өтті. Көпшіліктің есінде ерекше қалған сәттердің бірі – әлемдік деңгейдегі пилоттардың әуе шоуы болды. Мыңдаған көрермен көз алмай тамашалаған көрсетілім кезінде спортшы аспанда әсерлі трюк орындап, кейін концерт алаңына шеберлікпен қонды. Бұл көрініс Талдықорғандықтардың ыстық ықыласына бөленді.
Ашылу салтанаты нағыз халықаралық мерекеге айналды. Көкке көтерілген алып әуе шары, концерттік бағдарлама, бағалы сыйлықтар ұтысы, жастарға арналған дискотека мен отшашу кештің сәнін келтірді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға үш мыңға жуық адам қатысты.

Жарыс бағдарламасы бірнеше халықаралық турнирді қамтиды. Алғашқы күндері Текеліде қону дәлдігі бойынша Педро Тирадо кубогы мен Чемпиондар лигасы кубогы өтті. Қазір парапланнан Әлем кубогының Asia Tour кезеңі жалғасуда. Ал маусымның соңында PRE-PWC/Kazakhstan Open халықаралық ашық турнирі ұйымдастырылады.
Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Жетісудың табиғи-климаттық жағдайы авиациялық спорт түрлеріне ерекше қолайлы. Тұрақты ауа ағындары, тау бедері мен аэрологиялық ерекшеліктер бұл өңірді әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізуге мінсіз орындардың қатарына қосып отыр.

Алматы облысы Экстремалды спорт федерациясының басшысы Игорь Виршкидің пікірінше, Жетісу кез келген күрделілік деңгейіндегі жарыстарды қабылдай алатын әлеуетке ие. Оның айтуынша, өңір біртіндеп Еуразиядағы спорттық және оқиғалық туризмнің ірі орталықтарының біріне айналып келеді.
Параплан спортының тағы бір ерекшелігі – мұнда жас шектеуі жоқ. Мұны 11 жастағы алматылық Андрей дәлелдеп жүр. Бір жылдан бері парапланмен айналысып келе жатқан жас спортшы үшін аспанға көтерілу қорқыныш емес, керісінше ерекше еркіндік сезімі.
«Парапланмен ұшу – сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Маған ұшу мүлдем қорқынышты емес», – дейді жас пилот.

Халықаралық жарыс тек спортпен ғана шектеліп қоймақ емес. Әлемнің әр елінен келген қонақтарға қазақ мәдениеті кеңінен таныстырылуда. Жарыс алаңында киіз үйлер тігіліп, ұлттық әндер шырқалып, қазақ халқының салт-дәстүрі насихатталуда. Ұлттық нақыштағы көріністер мен қазақы қонақжайлық шетелдік меймандарды бей — жай қалдырмады. Олар Жетісудың табиғатына ғана емес, халқымыздың бай мәдениеті мен рухани мұрасына да қызығушылық танытуда. Осылайша, көк жүзіндегі жарыс мәдениеттер тоғысқан халықаралық алаңға айналып отыр.

Бүгінде Жетісу тек табиғаты көркем өңір ғана емес, халықаралық авиациялық спорттың жаңа орталығы ретінде де танылып келеді. Ал аспанмен тілдескен чемпиондарды қарсы алған «Тау Жетісу» кешені жаңа рекордтар мен тарихи жеңістердің куәсі болуға дайын.Желмен жарысқан жүйріктер мен көк жүзін бағындырған батыл спортшылардың өнері тағы бірнеше апта бойы жалғасады. Ал бұл жарыс Жетісудың атын әлемдік спорт картасына тағы бір мәрте айшықтай түспек.

Айта кетейік, парапланнан Әлем кубогы Жетісу облысының Спорт басқармасы, Жетісу облысының Туризм басқармасы және «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өтуде.
Халықаралық дода өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, Жетісуды әлемдік спорт пен оқиғалық туризм картасындағы маңызды бағыттардың біріне айналдыруға ықпал етпек.
Айгерім Бейбітқызы
