Жетісу — аспанмен тілдескен чемпиондар мекені. Маусым айында бұл өңір әлемнің 33 елінен келген 150-ден астам үздік пилоттың басын қосып, авиациялық спорттың орталығына айналды. Шара аясында ұйымдастырылған инфотурға бірнеше отандық медиа өкілдері қатысып, дүбірлі доданың куәсі болды және парапланмен ұшудың ерекше сезімін өз тәжірибелерінен өткерді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
БАҚ өкілдерінің сапары Ескелді ауданындағы «Тау Жетісу» туристік орталығынан басталды. Бағдарлама аясында журналистерге парапланмен тандемде ұшу мүмкіндігі берілді.

Бұл ретте SteppeNews.kz тілшісі Мадина Ашилова үшін ұшу процесі үлкен сынаққа айналды. Старт алдындағы үрей мен аяқтың діріліне қарамастан, ол соңғы секундта нұсқаушыға 100% сенім артып, алға ұмтылды.

Журналистің айтуынша, аспанға көтерілген сәтте қорқыныштың барлығы лезде ғайып болған. Ол бұл сәтті сөзбен айтып жеткізгісіз еркіндік сезіміне балады. Құстай қалықтап, Жетісудың сұлу ландшафтына көз тіккен журналист бұл сәтті нағыз терапияға теңеді. Алғашқы экстремалды тәжірибе Мадинаның бұл спортты болашақта кәсіби түрде меңгеруіне үлкен қызығушылық оятты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Биылғы 10–28 маусым аралығында «Тау Жетісу» кешенінің маңында нағыз «аспан шайқасы» өтіп жатыр. Әлемнің ең мықты спортшылары Педро Тирадо Кубогы, Чемпиондар лигасы, Asia Tour кезеңі және PRE-PWC / Kazakhstan Open халықаралық ашық турнирінде бақ сынасуда. Сарапшылардың айтуынша, Жетісу өңірінің табиғи-климаттық ерекшелігі, тау бедері және тұрақты ауа ағындары авиациялық спорт үшін таптырмас алаң болып табылады. Халықаралық қауымдастық бұл аймақты әлемдегі ең қолайлы ұшу нүктелерінің бірі деп бағалап отыр.

Жарыс — тек спорт қана емес, бұл мәдениеттің де тоғысуына жол ашты. «Тау Жетісу» кешеніне келген шетелдік қонақтар мен медиа өкілдері үшін арнайы киіз үйлер тігіліп, қазақтың дәстүрлі қонақжайлығы жоғары деңгейде көрсетілді. Сапар аясында Ескелді ауданының әртістері әрбір киіз үйге (отауға) арнайы кіріп, әннен шашу шашты. Сондай-ақ қонақтармен бірге журналистерге де Жетісудың ерекше тағамы — сірне тартылды. Инфотур қатысушылары дастарқан сәні болған бұл тағамның еті ауызда еритін өте жұмсақ әрі дәмі тіл үйіретіндей ерекше дайындалғанын атап өтіп, жоғары баға берді. Мұндай шынайы қонақжайлылық пен ұлттық нақыш шетелдік пилоттарды да бірден тәнті етті.

Мерекелік атмосфера 14 маусымда Талдықорған қалалық жағажайында өткен ашылу салтанатымен шарықтау шегіне жетті. 3000-ға жуық көрермен жиналған шарада әуе шоуы, әуе шары, концерттік бағдарлама және жарқын отшашу ұйымдастырылды.

Бұл пресс-тур медиа өкілдеріне Жетісудың тұмса табиғатын, параплан спортының ерекше драйвын сезінуге мүмкіндік берді. Өңірдің туристік әлеуетін ашып, осындай ауқымды халықаралық жарысты жоғары деңгейде өткізіп жатқан «Visit Zhetysu» орталығына және Ескелді ауданының әкімдігіне SteppeNews.kz ақпараттық агенттігі алғысын білдіреді.
Жетісу — тек қана тау емес, бұл — жаңа рекордтар мен ұмытылмас әсерлердің мекені!

