SteppeNews.kz: Қазақстанда несие төлемі 90 күннен асқан азаматтар саны 1,6 миллионнан асып, мәселе өзекті сипатқа ие болды. Көптеген қарыз алушылар үшін табыстан айырылу немесе денсаулық жағдайы несие жүктемесін көтеруге кедергі келтіріп отыр. Мұндай жағдайда тығырықтан шығу жолдарын Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Айгерім Ильясова түсіндірді. Маман ең алдымен банкке немесе МҚҰ-ға қарызды қайта құрылымдау туралы жазбаша өтініш беруді ұсынады.
Сарапшының айтуынша, қайта құрылымдау — бұл қолданыстағы несие шарттарын өзгерту рәсімі. Өтініште қандай жеңілдіктер сұрайтыныңызды нақты көрсету маңызды: бұл бірнеше айға төлемді кейінге қалдыру, ай сайынғы төлемді немесе пайыздық мөлшерлемені төмендету болуы мүмкін. Сондай-ақ уақытша қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттарды — мысалы, жұмыстан айырылу, табыстың азаюы немесе ауру туралы анықтамаларды қоса беру қажет. Банк өтінішті белгіленген мерзімде қарауға, ықтимал нұсқаларды ұсынуға және негізделген жауап беруге міндетті.
Сонымен қатар, мұндай шешімдердің салдарын да түсіну маңызды. Ай сайынғы төлемді азайту көбіне несие мерзімін ұзарту арқылы жүзеге асады, демек, жалпы артық төлем де өседі. Ал төлемді кейінге қалдырғанда банк сыйақыны есептеуді жалғастырады, бұл да несиенің соңғы құнын арттырады. Дегенмен қайта құрылымдау жүктемені уақытша азайтып, мерзімі өтіп кетуді болдырмауға мүмкіндік береді. Жаңа шарттарды тексеру маңызды, мөлшерлеме бұрынғы деңгейде қалуы тиіс және қосымша комиссиялар болмауы керек.
Баламалы нұсқа ретінде қайта қаржыландыруды (рефинансирование) қарастыруға болады — бұл қолданыстағы қарыздарды өтеу үшін тиімдірек шарттармен жаңа несие рәсімдеу. Бұл бірнеше несиені бір несиеге біріктіруге мүмкіндік береді. Алайда номиналды мөлшерлемені емес, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) салыстыру қажет, себебі ол барлық комиссиялар мен төлемдерді ескере отырып, несиенің нақты құнын көрсетеді. Сондай-ақ қолданыстағы несиелерді мерзімінен бұрын жабу үшін айыппұл бар-жоғын алдын ала анықтау керек.
Сарапшы төлем тәртібінің маңызын ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, кешіктірілген төлемдердің болмауы қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру кезінде тиімді шарттар алуға мүмкіндік береді. Сондықтан тұрақты кезеңдерде несиені уақытында өтеу маңызды. Сонымен қатар қаржылық «қауіпсіздік жастығының» болуы қиын кезеңдерді жеңіл өткізуге көмектеседі. Жұмыстан айырылған жағдайда жұмыссыз ретінде тіркелу қажет, бұл жәрдемақы алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы — тұрақты табыс көзі жоғалған кезде мәселені елемей қоймай, уақытылы банкке жүгініп, шешім іздеу қажет.
