Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысы толық тоқтатылмайды. Бұл туралы SteppeNews.kz Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында КҚК қызметінің толық тоқтатылуы мүмкін деген ақпарат тарағанымен, мұндай сценарий қарастырылып отырған жоқ.
Министірліктің хабарлауынша, 31 шілде күні КҚК мұнай құбырының жұмысы уақытша тоқтатылған. Соған қарамастан, жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау және резервуарлар паркін толтыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ 1 тамыздан бастап мұнай қабылдау көлемі тәулігіне 100 мың тоннаны құрайды. Ал мұнай тасымалы көлемінің одан әрі артуы теңіз терминалында танкерлердің тиеуге уақытылы қойылуына байланысты болмақ.
Энергетика министрлігі қазіргі таңда КҚК және жүк жөнелтушілермен тұрақты байланыс орнатқанын атап өтті. Министірлік қалыптасқан жағдайдың тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.
