Қазақстанда 2026 жылғы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектепке дайындалуға қаржылай қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Оқу — ағарту министірлігіне сілтеме жасап.
2026-2027 оқу жылы қарсаңында бұл көмекпен еліміз бойынша 450 мыңға жуық бала қамтылады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге бөлінген.
Министрліктің мәліметінше, қаржылай көмектің ең төменгі мөлшері бір балаға 50 851 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттердің мүмкіндігіне қарай кейбір өңірлерде төлем көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.
Қаржылай көмек жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі.
Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер қажетті құжаттарды білім беру ұйымына тапсыруы тиіс.
Жалпыға міндетті білім беру қоры әлеуметтік осал санаттағы балалардың жаңа оқу жылына толық дайындалуына жағдай жасап, мектеп формасы, аяқ киім және оқу құралдарын сатып алуға бағытталған мемлекеттік қолдау шарасы болып табылады.
