2026 жылғы 24–30 шілде аралығында Литваның Каунас қаласында өткен Информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасында (EJOI 2026) Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті. Халықаралық білім додасына 25 елден 100-ден астам оқушы қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
EJOI – 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған информатика саласындағы ең беделді халықаралық олимпиадалардың бірі. Байқау бағдарламалау, алгоритмдеу және компьютерлік ғылымдар бойынша оқушылардың білімін бағалауға бағытталған.
Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар түрлі деңгейдегі алгоритмдік тапсырмаларды орындап, теориялық білімі мен практикалық дағдыларын көрсетті.
Қазақстан құрамасы республикалық олимпиаданың информатика пәні бойынша жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен жасақталды. Жарыс нәтижесінде ұлттық құрама 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль және 1 мақтау грамотасын иеленді.
Жүлдегерлер:
- Еламан Алишер (Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі, 8-сынып) – алтын медаль;
- Бельгимбаев Амир (Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі, 9-сынып) – күміс медаль;
- Ермұханов Ислам (Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернаты, 9-сынып) – қола медаль;
- Жангелді Санжар (Қарағанды облыстық Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, 9-сынып) – мақтау грамотасы.
Құраманы Astana IT University Бағдарламалық инженерия мектебінің ACM жаттықтырушысы Темірлан Сатылханов пен EdLight Academy білім беру орталығының жаттықтырушысы Арман Исаев дайындады.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан құрамасы EJOI олимпиадасында 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған болатын. Ал биыл ұлттық құраманың қоржыны алғаш рет алтын медальмен толықты.
