Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Испанияның Канар аралдарындағы Маспаломас қаласында өткен World Tennis W100 санатындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жібек Құламбаева жарыста чехиялық теннисші Анна Шишковамен жұп құрып өнер көрсетті. Екінші нөмірмен тіркелген қазақстандық-чехиялық жұп финалда Чехия өкілі Доминика Салкова мен Швецияның теннисшісі Лиса Заарға қарсы кортқа шықты.
Финалдық кездесу екі сетке созылып, Құламбаева мен Шишкова 6:3, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 54 минутқа созылды.
Осылайша, қазақстандық-чехиялық жұп турнир чемпионы атанды. Бұл жеңістің нәтижесінде Жібек Құламбаева жаңартылған әлемдік рейтингте қосымша ұпай жинап, төрт сатыға жоғарылайды.
