Жаз бен күздің тоғысқан шағында Қытайдың шығысындағы Цзянси провинциясының әкімшілік орталығы Наньчан қаласындағы Сяншань орман саябағында құтандардың белсенді көбею кезеңі басталады. Қолайлы экологиялық жағдайдың арқасында мұнда «құтандарға арналған фотостудиялар» пайда болып, Қытайдан және шетелден келген әуесқой фотографтар арасында танымал орынға айналды. Бұл жер адам мен құстың үйлесімді өмір сүруінің жарқын көрінісін қалыптастырып отыр. Бұл туралы SteppeNews.kz Синьхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Поянху көлі маңындағы жазғы қоныс аударатын құстардың маңызды көбею орны саналатын әрі «құтандар патшалығы» деген құрметті атауға ие Сяншань орман саябағына жыл сайын наурыздан қыркүйекке дейін Оңтүстік-Шығыс Азиядан жүздеген мың құтан қоныс аударады. Маусымның қызған шағында мұнда құтандардың саны 300 мыңнан асады.
Жергілікті билік 30 жылдан астам уақыт бойы орман отырғызу және жасыл желектерді қорғау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Соның арқасында орман алқабы айтарлықтай ұлғайған. Қалың орман құтандарға ұя салу және балапандарын қоректендіру кезінде табиғи баспана қызметін атқарады.
Бірегей экологиялық ресурстарға сүйене отырып, жергілікті тұрғындар арнайы «құтандарға арналған фотостудиялар» құрған. Әуесқой фотографтар құтандардың жұптасуынан бастап ұя салуы мен балапандарын қоректендіруіне дейінгі бүкіл үдерісті суретке түсіре алады. Құстарды бақылауға мүмкіндік беретін ерекше орын әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген фотографтар мен құс әуесқойларын тартып отыр.
Сонымен қатар құстарды қорғау және оларға деген қамқорлық жалпы қоғамның саналы ісіне айналды. Әуесқой фотографтар құстарды бақылау және қорғау жұмыстарына ерікті түрде қатысып, қоныс аударатын құстардың мекенін бірлесіп қорғап келеді.
Сяншань орман саябағындағы көрініс Поянху көлі маңындағы қоныс аударатын құстарды экологиялық қорғаудың жарқын үлгісіне айналды. Айта кетейік, Поянху көлі – Азиядағы қоныс аударатын құстардың ең ірі қыстау орындарының бірі әрі жаһандық құстардың көші-қон желісіндегі маңызды нүкте. Әр күз бен қыс мезгілінде мұнда Моңғолия үстіртінен, Сібірден және басқа да өңірлерден 700 мыңнан астам қоныс аударатын құс қыстауға келеді.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта Поянху қорығында интеллектуалды басқару жүйесі енгізілген. Қорықтың көл жағасындағы станцияларының базасында 43 бейнебақылау пункті құрылды. Бұл негізгі аумақтарды бейнемониторингпен тұрақты қамтуға және бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұрын толығымен адам ресурстарына сүйенген патрульдеу тәсілдері мен тұжырымдамасы айтарлықтай өзгерді.
Қоныс аударатын құстардың мекендеу орындарына адам әрекетінің әсерін азайту үшін Юнсю уезінің Учэн елді мекеніндегі «Қыстайтын құстар қалашығында» да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Құстарды бақылауға арналған нысандардың әйнек қабырғаларынан ақ нүктелері бар арнайы үлдір бірден көзге түседі. Ол құстардың әйнек қасбеттермен соқтығысуының алдын алу үшін әзірленген.
«Бұл үлдірдің артында үлкен ғылыми негіз бар», – деді Поянху көлінің экологиясын қорғау қорының жауапты хатшысы Цзинь Цзефэн.
Оның айтуынша, нүктелердің арақашықтығы құстардың көру ерекшеліктеріне дәл сәйкес келеді. Ал қара және ақ түстердің контрастылығы нысанды барынша анық тануға мүмкіндік береді. Үлдірдің сыртқы бетке жапсырылуы шағылыстың алдын алады. Бұл ғимараттарға табиғи жарықтың түсуіне және келушілердің айналаны көруіне кедергі келтірмейді, сонымен бірге құстарға алдында кедергі бар екенін анық сезінуге мүмкіндік береді.
«Сулы-батпақты алқаптардағы қоныс аударатын құстар – Поянху көлінің экологиялық байлығы. Оларды қорғау – ортақ экологиялық үйімізді қорғау», – деді «Поянху» мемлекеттік табиғи қорығы әкімшілігінің басшысы Сюй Чживэнь.
