Қазақстанда 2026 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау бойынша жалпы ұзындығы 3,7 мың шақырымды құрайтын 14 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы SteppeNews.kz, ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тамыз айында бұл қатарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 тамызда бастау берген үш ірі жоба қосылды. Олар – ұзындығы 800 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл», 462 шақырымдық «Қызылорда – Сексеуіл» және 312 шақырымдық «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолдары. Үш жобаның жалпы ұзындығы 1 574 шақырымға жетеді.

Биыл жалпы ұзындығы 69,6 шақырым болатын үш жобаны аяқтау жоспарланған. Олардың қатарында 27,7 шақырымдық «Рахман қайнарлары» жолы, 14,9 шақырымдық «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолы және Атырау қаласының ұзындығы 27 шақырым болатын айналма жолы бар.
Ал 2027 жылы тағы үш ірі нысанды аяқтау көзделіп отыр. Оларға ұзындығы 208 шақырым болатын «Қызылорда – Жезқазған» автожолы, 28 шақырымдық «Ақтөбе – Ұлғайсын» учаскесі және Ертіс өзені арқылы өтетін ұзындығы 2,7 шақырым көпір жатады. Бұл жобалардың жалпы ұзындығы 238,7 шақырымды құрайды.
Бұдан бөлек, биыл Сарыағаш қаласының 102 шақырымдық айналма жолын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 234 шақырымдық «Ақтөбе – Ұлғайсын» және 572 шақырымдық «Қарағанды – Жезқазған» учаскелерін, Қызылорда қаласының 26 шақырымдық айналма жолын және 896 шақырымдық «Орталық – Батыс» жолын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда.

Жол инфрақұрылымын жаңарту негізгі автомобиль бағыттарының өткізу қабілетін арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға және өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл жобалар жол қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттырып, жүк тасымалы мен транзиттік бағыттарды дамытуға жағдай жасайды.
Жаңа жолдардың салынуы мен қолданыстағы автожолдардың жаңғыртылуы іргелес елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді. Көлік қатынасының жақсаруы өңірлердегі кәсіпкерлік пен іскерлік белсенділіктің артуына қосымша мүмкіндік береді.
