Қырғызстан азаматтары Қытай университеттерінде мемлекеттік стипендиямен білім ала алады. 2027–2028 оқу жылына Қытай үкіметі қырғызстандық талапкерлер мен жас ғалымдарға арналған тоғыз грант бөлді, деп жазады SteppeNews.kz Cronos.Asia — ға сілтеме жасап.
Стипендиялық бағдарламаға өтінім қабылдау 2026 жылғы 20 қарашада басталып, 2027 жылғы 20 қаңтарға дейін жалғасады. Іріктеу Қытай үкіметінің Chinese Government Scholarship бағдарламасы аясында өтеді. Ол Қырғызстан мен Қытайдың білім саласындағы ынтымақтастығы туралы 2015 жылы жасалған келісімге негізделген.
Бөлінген тоғыз стипендия білім деңгейіне қарай үлестіріледі. Оның бесеуі бакалавриатқа түсушілерге, екеуі магистратураға үміткерлерге, тағы екеуі PhD докторантурасына арналған.
Конкурсқа Қырғызстан азаматтары қатыса алады. Үміткерлердің жасы мен денсаулық жағдайына қатысты талаптар белгіленген. Атап айтқанда, бакалавриатқа түсушілер 18–25 жас аралығында болуы керек. Магистратураға үміткерлердің жасы 35-тен, ал докторантураға тапсыратындардың жасы 40-тан аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, талапкерлердің тіл білу деңгейіне де назар аударылады. Қытай тілінде магистратура немесе PhD бағдарламасында оқуды жоспарлағандар HSK емтиханының төртінші деңгейінен төмен емес сертификат ұсынуы қажет. Ал бакалавриатқа түсетін барлық талапкер China Scholastic Competency Assessment (CSCA) емтиханын тапсыруы тиіс.
Конкурсқа қатысушылар Қытай үкіметінің басқа стипендиялық бағдарламалары бойынша, соның ішінде қабылдайтын университеттердің қаржыландыруын қатар ала алмайды. Бұл талап бір реттік ынталандыру төлемдеріне қатысты емес.
Егер үміткердің өзге стипендиялық бағдарлама бойынша қаржыландыру алып отырғаны анықталса, тағайындалған гранттың күші жойылады. Бұған дейін аударылған қаражатты да қайтаруға тура келеді.
Келесі материал: Алматыда қысқы маусымда 19 ашық мұз айдыны ашылады
