Медиа құралдары Азия-Тынық мұхиты аймағында сенім мен өзара түсіністікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Ресейдің Ұлттық медиа тобының (НМГ) бас директоры Светлана Баланова Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген жазбаша сұхбатында мәлімдеді. Сұхбат 2026 жылы Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) апталығы аясында ұйымдастырылды деп жазады, SteppeNews.kz.
Светлана Баланованың айтуынша, қазіргі медиакеңістіктегі ақпараттық материалдар мен қоғамдық нарративтер Азия-Тынық мұхиты елдерінің бір-бірін қабылдауына әсер етеді. БАҚ қоғамдар арасындағы байланысты нығайтып, өзара сенім қалыптастыруға ықпал етеді.
Оның сөзінше, Ұлттық медиа тобы үшін Азия-Тынық мұхиты елдерімен серіктестік тәжірибе алмасумен ғана шектелмейді. Бұл – екі елдің аудиториясына ортақ қызығушылық тудыратын медиажобалар әзірлеуге мүмкіндік беретін бағыт.
Бұған мысал ретінде ол Ресей мен Қытай бірлесіп түсірген «Қара жібек» фильмін атады. Бұл туынды екі елдің бұған дейінгі бірлескен жобасы – «Қызыл жібек» фильмінің жалғасы саналады.
Бас директордың айтуынша, «Қызыл жібек» жобасы ресейлік және қытайлық кинематографистердің бірлесіп, екі ел көрерменіне қызықты ауқымды туынды жасай алатынын көрсетті. Ал «Қара жібек» осы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне айналды. Фильмнің түсірілім тобы Ресей мен Қытайда қатар жұмыс істеп, халықаралық жобаға 350-ден астам маман тартылған.

Светлана Баланова Қытайдың жетекші медиа құрылымдарымен байланысты нығайту Ұлттық медиа тобының халықаралық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Қазіргі уақытта «Синьхуа» агенттігі мен НМГ құрамындағы «Известия» ақпараттық орталығы ақпарат алмасу саласындағы серіктестікті дамытып келеді.
Оның пікірінше, Ресей мен Қытай БАҚ-тары жаңалықтар алмасудан бастап, мультимедиалық жобалар әзірлеу мен жаңа технологияларды енгізуге дейінгі бағыттарда бірлесіп жұмыс істей алады. Басымдықтардың бірі – жаңалық, сараптамалық, мәдени және ойын-сауық материалдарын тұрақты түрде алмасу. Бұл екі ел аудиториясының бір-бірінің экономикасы, технологиясы, мәдениеті мен күнделікті өмірі туралы ақпарат алуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ алдағы жылдарға арналған медиа ынтымақтастықтың төрт негізгі бағыты белгіленген. Олар – бірлескен контент өндірісі, медиа технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту, контентті тарату және жергілікті аудиторияға бейімдеу, сондай-ақ тікелей серіктестік байланыстарды нығайту.
Баланованың мәліметінше, соңғы бес жылда НМГ телеарналарындағы қытайлық жаңа контенттің көлемі шамамен 5,5 есе өскен. Ал холдингтің Қытайға контент сатудан түскен табысы 2025 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есе артқан. Сонымен қатар ресейлік «Үш мысық» анимациялық сериалы Қытайда 5,5 миллиардтан астам қаралым жинаған.
Бұдан бөлек, ол редакциялар арасындағы тұрақты ақпарат алмасуды, оқиғаларды бірлесіп жариялауды, кәсіби тәжірибе мен технологиялық мүмкіндіктерді бөлісуді маңызды деп санайды. Қазіргі уақытта НМГ Қытайдағы қызметін кеңейту аясында Шэньчжэнь қаласында өкілдік құру моделін әзірлеп жатыр.
Светлана Баланова мәдениет пен медиа саласындағы ынтымақтастық екі ел азаматтарының арасындағы байланысты нығайтып, өзара түсіністік пен достықты дамытуға негіз болатынын атап өтті.
Келесі материал: Астаналық 14 жастағы спортшы ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы атанды
