Түркістан облысында жалпы құны 534,2 млрд теңгені құрайтын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендерін салуға бағытталған үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады-деп хабарлайды SteppeNews.kz, Ortcom.kz сайтына сілтеме беріп.
Ведомствоның мәліметінше, аталған жобалар іске қосылғаннан кейін Қазақстанның маусымаралық кезеңде жаңа піскен көкөніске деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Жылыжай кешендері пайдалануға берілген соң өңірде өндірілетін жылыжай өнімінің көлемі жылына қосымша 102 мың тоннаға артады. Сондай-ақ 1 225 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша елімізде көш бастап тұр. Өңірдегі жабық топырақ алқаптарының жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайды. Бұл – республикадағы барлық жылыжайлардың 72 пайызы.
Өткен жылы облыстағы жылыжай кешендерінде 113 мың тоннадан астам көкөніс өндіріліп, маусымаралық кезеңде ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 45 пайызы қамтамасыз етілді. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында өңір диқандары жылыжайларда өсірілген 38,2 мың тонна өнім жинады.
Дәстүрлі көкөніс өнімдерінің көлемін арттырумен қатар, өңірдегі шаруашылықтар заманауи технологияларды кеңінен енгізіп, жоғары табыс әкелетін дақылдарды өсіруге де басымдық беріп келеді. Бүгінде жабық топырақта субтропикалық жемістер мен жидектерді өсіру жолға қойылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 13 мың тонна құлпынай, 3,2 мың тонна лимон және 550 тонна банан өндірілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жылыжай шаруашылығын дамыту, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
