«Қазгидромет» РМК-ның болжамы бойынша күтіліп отырған нөсер жауын-шашынға байланысты Алматының таулы аймақтарында сел жүру қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты Наурызбай ауданындағы Ақсай өзенінің арнасы бойында тұратын халықты алдын ала қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қалалық Төтенше жағдайлар министірлігінің (ТЖМ) ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Департаменттің хабарлауынша, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар уақытша Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ашылған халықты қабылдау пункттеріне орналастырылуда. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел штаб өрістетіліп, азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Тұрғындарға ақпараттық қолдау көрсету үшін арнайы жедел желі іске қосылды.
Жедел желі нөмірі: 8 (727) 279-22-32
ТЖД барлық іс-шаралардың алдын ала бекітілген жоспарлы режимде жүргізіліп жатқанын және жағдайдың толық бақылауда екенін нақтылады. Халықты жедел құлақтандыру мақсатында Наурызбай ауданында жергілікті дабыл жүйесі қосылған. Мамандар мұның дүрбелеңге негіз жоқ екенін білдіретін, тек ақпаратты уақтылы жеткізуге бағытталған алдын ала дайындық екенін ескертеді.
Алматы қалалық ТЖД берген соңғы шұғыл мәліметке сүйенсек, дәл қазіргі уақытта Наурызбай ауданы аумағындағы гидрологиялық жағдай тұрақты.
ТЖД бақылау және құлақтандыру қызметі, сондай-ақ «Қазселденқорғау» мекемесінің авариялық-механикаландырылған бригадасы өзендер мен сел қаупі бар учаскелерге тәулік бойы мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Жағдай толық тұрақтанып, қауіп сейілгеннен кейін тұрғындар өз үйлеріне қайта орала алады.
Алматы ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына ауа райы толық оңалғанға дейін Іле Алатауы тауларына барудан және демалыстан уақытша бас тартуды қатаң түрде ұсынады. Таулы жерде жүрген азаматтар өзендердің жоғарғы ағысында қатты жаңбыр жауа бастаса, өзен арналары мен қауіпті учаскелерден дереу кетуі тиіс. Сел ағыны өте жылдам дамитындықтан, өзен арналары мен сайлардың, бөгеттердің маңында шатыр тігуге тыйым салынады.
Министірлік өкілдері азаматтарды сабырлық сақтауға, тексерілмеген қауесет ақпараттарды таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
