Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумына қатысып, сала мамандарына алғыс айтты. Президент биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, елімізде 24,5 миллион тонна дақыл жиналғанын атап өтті, деп жазады SteppeNews.kz.
Форумда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, мол өнімнің ел экономикасы мен халықтың әл-ауқаты үшін маңызын жеткізді.
«Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын соңында Президент ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы адал еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым бағаланатынын айтты.
«Халқымыз «Ердің атын еңбек шығарады» деп бекер айтпаған. Түптеп келгенде, ерлік жасау – елдік мұратқа қызмет ету деген сөз.
Ұлт мүддесіне мінсіз және адал қызмет ететін азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіледі. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты. Қазір осы жерде жұртқа жанашыр, нағыз адал азаматтар отыр. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды, еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын.
Бүгін мен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым», – деді Президент.


2026 жылғы 20 қарашадағы Мемлекет басшысының Жарлығымен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 19 азамат мемлекеттік наградалармен және құрметті атақпен марапатталды.
«Парасат» орденімен:
— Бейбіт Батниязұлы Асанов – Батыс Қазақстан облысындағы «Жеңіс» шаруа қожалығының басшысы;
— Бақыт Нұртазаев – Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласының ардагері.
II дәрежелі «Достық» орденімен:
— Александр Сергеевич Рудаков – Ресей Федерациясындағы «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің негізін қалаушы және президенті.
«Құрмет» орденімен:
— Сейітжан Қапанұлы Балжігітов – Атырау облысындағы «Достан Ата» шаруа қожалығының басшысы;
— Қуаныш Аманғалиұлы Ищанов – Ақтөбе облысындағы «Айс-плюс» ЖШС директоры;
— Қайырбай Қонқаұлы Мақатов – Қостанай облысындағы «Бижан» шаруа қожалығының басшысы;
— Ислам Махмудович Хуршудов – Алматы облысындағы «Агро Балтабай» ЖШС малшысы.
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен:
— Рүстем Қажықанұлы Ахметжанов – Алматы облысындағы «Қапшағай МТС Сервис» ЖШС малшысы;
— Мәкіш Керімбайұлы Әменов – Ұлытау облысының жылқышысы;
— Виктор Александрович Клишин – Ақмола облысындағы «Жер өнімдері» ЖШС тракторшы-механизаторы;
— Қуандық Сейіткенұлы Темірбаев – Павлодар облысындағы «Меңдеш» шаруа қожалығының механизаторы.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен:
— Дәурен Шыңғысұлы Әбдірайымов – Абай облысындағы «Дәурен» шаруа қожалығының зоотехнигі;
— Өтепберген Әкімұлы Әбсәттар – Түркістан облысындағы «Өтепберген» шаруа қожалығының түйе өсірушісі;
— Әлия Айбасқызы Қапарова – Ақмола облысындағы «Burabay Milk» ЖШС бұзау күтушісі;
— Бауыржан Қабиұлы Сейдахметов – Маңғыстау облысындағы «Шалқар» шаруа қожалығының аға бақташысы.
«Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен:
— Дастан Айтөленов – Жамбыл облысындағы «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС директоры;
— Сергей Адамович Звольский – Солтүстік Қазақстан облысындағы «Астық-STEM» ЖШС директоры;
— Сейітжапар Алшынбекұлы Нығметов – Қарағанды облысындағы «Қайнар» ЖШС директоры;
— Жұмаш Жұмабекұлы Тезекбаев – Жетісу облысындағы «Егемендік» шаруа қожалығының басшысы.
