Алматының туристік мүмкіндіктері Токиода өткен Tourism EXPO Japan 2026 халықаралық көрмесінде таныстырылды. Төрт күнге созылған шараға 74 ел мен Жапонияның 46 өңірінен 1 420 экспонент қатысып, көрмені 180 мыңға жуық адам тамашалаған, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімідгінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Visit Almaty стенді таныстырылды
Көрме Жапонияның Tokyo Big Sight көрме алаңында өтті. Алматының туристік әлеуеті Visit Almaty стенді арқылы Орталық Азия аймағында ұсынылды.
Келушілерге қаланың туристік бағыттары, инфрақұрылымы және сапарды жоспарлау мүмкіндіктері таныстырылды. Қазақстандық туроператорлар Алматы мен еліміздің басқа өңірлеріне саяхат бағыттарын ұсынып, жапондық әріптестерімен іскерлік кездесулер өткізді.
Көрме аясында жапон туристік индустриясының өкілдеріне арналған Almaty Tourism Day in Japan шарасы да ұйымдастырылды.

Алматы өкілдері 150-ден астам кездесу өткізді
Іскерлік бағдарлама барысында Алматы өкілдері 150-ден астам кездесу өткізді. Келіссөздер Mitsubishi Corporation, H.I.S., Japan National Tourism Organization (JNTO), Visit Seoul, Мадагаскардың Туризм министрлігі, сондай-ақ жапондық телеарналар мен медиакомпаниялардың өкілдерімен жүргізілді.
Кездесулерде Алматыны Жапония нарығында таныту, туроператорлармен серіктестікті кеңейту, жаңа туристік өнімдер әзірлеу және қала туралы ақпараттық жұмысты күшейту мәселелері талқыланды.
Алматының жыл бойғы туристік мүмкіндіктері көрсетілді
Жапондық серіктестерге Алматының жыл бойы саяхаттауға қолайлы бағыт ретіндегі мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, қаланың таулы және табиғи аумақтарға жақындығы, гастрономиялық ерекшеліктері, мәдени нысандары мен іскерлік іс-шаралар өткізуге арналған мүмкіндіктері ұсынылды.
Іскерлік бағдарлама қорытындысында жапондық серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар ақпарат пен тәжірибе алмасуды, кәсіби байланыстарды дамытуды және туризм саласындағы бірлескен жобаларды пысықтауды көздейді.
Келесі материал: Алматыда Халықаралық қарттар күніне арналған фестиваль өтті
