2026–2027 жылғы қысқы маусымда Алматының барлық сегіз ауданында 19 ашық мұз айдыны жұмыс істейді. Оның 12-сі тұрғындар үшін тегін болады деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
Қалалық Спорт басқармасының мәліметінше, мұз айдындары саябақтарда, ірі спорт кешендерінің маңында, сауда орталықтары мен тұрғын алаптарда орналасады. Олардың жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады.
Биыл алғаш рет бес тегін мұз айдыны Flow Park аумағында, Алматы ипподромында, Шұғыла шағынауданындағы №221 мектепте, Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта және «Сұңқар» шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде жабдықталады.
Мұз айдындары қайда ашылады?
- Алатау ауданында – «Алматы Арена» аумағында;
- Алмалы ауданында – ҚБТУ аумағында;
- Әуезов ауданында – Family Park саябағында;
- Бостандық ауданында – Ганди көшесіндегі Тұңғыш Президент қорының саябағында, Flow Park-та, «Сұңқар» шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде, Esentai Mall, Villa Boutiques & Restaurants және MEGA Alma-Ata сауда орталықтарында;
- Жетісу ауданында – Алматы ипподромында және Көкжиек шағынауданындағы Kokjiek Garden аумағында;
- Медеу ауданында – «Терренкур» саябағында, «Халық Аренада», 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта, Dostyk Plaza сауда орталығында, Haragun ат клубында және Орталық мәдениет және демалыс саябағында;
- Наурызбай ауданында – Шұғыла шағынауданындағы №221 мектеп аумағында;
- Түрксіб ауданында – Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта.
Мұз айдындарын желтоқсан айында ашу жоспарланған. Нақты мерзімі ауа райына байланысты белгіленеді.
Тегін мұз айдындарының жұмыс кестесі
Тегін мұз айдындары күн сайын сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Күніне төрт сырғанау сеансы ұйымдастырылып, әрқайсысы 2,5 сағатқа созылады.
- 10:00–12:30
- 13:30–16:00
- 17:00–19:30
- 20:30–23:00
Сеанстар арасындағы үзілістерде мұз жабыны келесі келушілерге дайындалады.
Тұрғындар тегін мұз айдындарына өз конькилерімен келе алады немесе оларды ақылы түрде жалға алу мүмкіндігі бар. Конькиді жалға алу бағасын қызмет көрсетуші ұйымдар өздері белгілейді.
Келесі материал: Тәжікстан мен АҚШ денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
