Алматыда Халықаралық қарттар күніне арналған фестиваль өтті. Биыл аға буын өкілдеріне арналған мерекелік шара төртінші рет ұйымдастырылды. Фестивальді қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өткізді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің ғимаратында өткен шараға 700-ден астам адам қатысты. Фестиваль барысында аға буын өкілдері көрермен болып қана қоймай, өз өнерлерін де ортаға салды.

Қатысушылар ән айтып, би билеп, музыкалық аспаптарда өнер көрсетті. Олар Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ұйымдастырылатын тегін сабақтарда меңгерген шығармашылық дағдыларын көрсетті. Ал фойеде орталық келушілерінің қолынан шыққан бұйымдар мен картиналар қойылған көрме ұйымдастырылды.
Фестивальге қатысушылардың қатарында 80 жастағы Мәрияш Қайсарбекова да болды. Ол орталыққа бір жылға жуық уақыт бойы барып жүр. Осы аралықта көптен бері армандаған күй тартуды үйренген.
«Мен бала кезімнен ән айтамын. Ал күй тартуды білмейтінмін, бірақ үйренуді армандайтынмын. Таныстарым Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына баруға кеңес берді. Қазір үйдегі барлық мерекеде ғана емес, басқа да жиындарда күйді ықыласпен орындаймын», – деді алматылық зейнеткер.
Бүгінде қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына 11 мыңға жуық адам қатысады. Төрт бөлімшені біріктіретін орталықта ұсынылатын бағыттар саны соңғы төрт жылда 40-тан 70-ке дейін өскен.
Осы уақыт ішінде тоғыз би ұжымы, алты домбыра ансамблі және төрт хор ұжымы құрылған. Олардың мүшелері халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар орталықтың модельдері Испания, Италия, Қытай, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерін қоса алғанда, жеті елде өнер көрсеткен.

«Күміс университеттер» жобасы аясында аға буын өкілдері жоғары оқу орындарымен бірлесіп, заманауи бағыттар бойынша білім алады. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 3850 адам оқудан өткен. Қатысушылар киберқауіпсіздік, мобилография, ағылшын тілі және қысқаметражды фильм түсіру сияқты бағыттарды меңгерген.
Орталықта «күміс еріктілер» қозғалысы да дамып келеді. Оның қатысушылары өз тәжірибесі мен біліміне сүйене отырып, түрлі сабақтар мен үйірмелер ұйымдастырады.
Сонымен қатар агрокраудсорсинг жобасы аясында бастапқыда жидек пен көкөніс өсіруге бағытталған сабақтар кейін ландшафтық дизайн, гарден-терапия, иппотерапия және пет-терапия бағыттарымен толыққан.
Фестиваль аға буынға арналған қазан айындағы іс-шаралардың бастамасы болды. Ай бойы Алматыда көрмелер, концерттер, спорттық және білім беру сабақтары, шығармашылық кездесулер және басқа да шаралар өткізу жоспарланған.
Келесі материал: Алматының жаңа бас жоспары – қай жерлерде құрылысқа шектеу қойылады?
