SteppeNews.kz: 2025 жылы Қазақстан футболында сапалық өзгерістер нышаны байқалды. Атап айтқанда, «Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуы, Алматыға «Реал Мадридтің» келуі, сондай-ақ клубтарды жекешелендіру үдерісінің басталуы айтарлықтай серпіліс болды: бірден бес команда жеке меншік иелерінің қолына өтті. Салаға тартылған жеке инвестициялардың жалпы көлемі 45 млрд теңгеден асты.
Qazaq Expert Club шақырылған сарапшысы, футбол функционері Алтай Даумов саланың нарықтық модельге көшуі отандық футболдың дамуына қалай жаңа қарқын бере алатынын талдап берді.
«УЕФА деректеріне сәйкес, Қазақстан Премьер-лигасы жыл сайын шамамен $100 млн табыс әкеледі. Алайда осы қаражаттың бар болғаны 5–6%-ы ғана коммерциялық қызмет есебінен қалыптасады, ал негізгі қаржыландыру мемлекеттік дотациялар арқылы қамтамасыз етіледі», — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан футболына жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Мұндай жағдайда клубтардың өз табыс көздерін дамытуға деген ынтасы төмендейді, өйткені негізгі шығындарды бюджет толық жауып отыр.
«Әлемдік тәжірибеде футбол клубтары табысты төрт негізгі бағыттан құрайды: телехабар тарату құқықтары, билет сатылымы, демеушілік келісімдер және трансферлер. Қазақстанда бұл модель әзірге толық іске аспаған. ТВ-құқықтар лига деңгейінде тиімді монетизацияланбаған, билеттен түсетін пайда тым төмен — орташа билет бағасы $2–4 шамасында ғана, ал трансферлік нарық енді ғана қалыптаса бастады. Демеушілік бағыты дамып келеді, бірақ ол көбіне серіктестік қатынастар мен әкімшілік факторларға тәуелді», — деп түсіндіреді Даумов.
Сарапшы саланың әлеуетін түсіну үшін жағдайы ұқсас елдердің тәжірибесіне назар аударуды ұсынады.
Мысалы, Польшада орталықтандырылған коммерциялық модель құрылған: лига жылына шамамен €300 млн табыс табады, ал клубтар ТВ-құқықтар мен ішкі нарықты қоса алғанда, барлық негізгі бағыттардан тұрақты кіріс алады.
Сербияда трансферлік экономикаға басымдық берілген. «“Црвена Звезда” мен “Партизан” секілді клубтар жылына €80–90 млн-ға дейін табыс табады, оның ішінде кірістің 70%-ға жуығы трансферлер мен УЕФА төлемдері есебінен қалыптасады. Бұл модель ойыншыларды кәсіби дайындауға, еурокубоктарға қатысуға және оларды халықаралық нарыққа тиімді сатуға негізделген», — дейді маман.
Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік қаржыландыруға жоғары тәуелділік пен ішкі нарықты монетизациялаудың төмен деңгейі сақталып отыр.
Неғұрлым тұрақты жүйеге көшу екі негізгі бағытты дамыту арқылы ғана мүмкін. Біріншісі — ішкі нарықты коммерцияландыру: ТВ-құқықтарды дамыту, матч күнгі табысты (Match day) арттыру және демеушілермен жүйелі жұмыс жүргізу. Екіншісі — ойыншылар академиясына инвестиция салу, сапалы кадр даярлау және халықаралық нарыққа шығу арқылы трансферлік экономиканы қалыптастыру.
«Мемлекеттің қаржыландыруды біртіндеп қысқартуы маңызды, өйткені бұл клубтарды қаржылық дербестікке ұмтылуға мәжбүрлейді. Алайда саланың дамуында басқарушылық құзырет те шешуші рөл атқарады. Кәсіби футбол менеджменті дамымайынша, жүйе дотациялық күйінде қалып, толыққанды нарықтық модельге өте алмайды», — деп түйіндеді Алтай Даумов.

