Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Орталық Азияның өзге де елдерінен келген оннан астам жетекші бұқаралық ақпарат құралының өкілдері 1 маусым күні Шыңжаңдағы Бортала-Моңғол автономиялық округіне (БМАО) келіп, бес күнге жоспарланған таныстыру сапары мен жергілікті жерлердегі репортаждар бағдарламасын бастады.
Сол күні делегацияның жұмыс сапары БМАО-ның Цзинхэ ауданында басталды. Қатысушылар Мутэтар шөлді туристік аймағында, Цзиньфу қауымдастығында және Толи кентіне қарасты Дачжуанцзы ауылындағы годжи жидегі плантациясында болды. Олар жергілікті туризмнің дамуы, мәдени туризм, материалдық емес мәдени мұраны сақтау бағыттарымен танысып, годжи жидегін жинау жұмыстарына қатысты.

Цзиньфу қауымдастығында делегация мүшелері дәстүрлі өнер үлгілерін тамашалап, қағаздан ою жасау сияқты халықтық қолөнер шеберлерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың мәдени бағдарламасына қатысып, өңірдің этномәдени ерекшеліктеріне қанықты.
Алдағы күндері делегация Алашанькоу қаласы, Аршан ауданы, Бортала қаласы және басқа да өңірлерді аралап, БМАО-ның жоғары сапалы экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, экологияны қорғау, мәдени мұраны сақтау және ашықтық саясатының жүзеге асу барысымен танысады.
Сонымен қатар Алашанькоу қаласында БАҚ өкілдері «Шыңжаң (Қытай) – Орталық Азия» медиа-салонына қатысып, Қытай мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.
Тәжікстандағы ASAL ақпарат агенттігінің журналисі Акмал Талибов бұл сапардың өзі үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.
«Бұл менің Қытайға және Шыңжаңға алғаш рет келуім. Сапар барысында Орталық Азия журналистері БМАО-ның көркем табиғатын, бай мәдениетін және өңірдің даму жетістіктерін жақыннан көре алды. Өзім де объективім арқылы Шыңжаңның шынайы әрі қызықты оқиғаларын көпшілікке жеткізгім келеді», – деді ол.
Қазақстандық «Аргументы и факты» газетінің тілшісі Олег Белов бұл оның Шыңжаңға үшінші, ал БМАО-ға алғашқы сапары екенін атап өтті.
«Біз барған Цзиньфу қауымдастығында мені ерекше қызықтырған қағаз ою өнері көрсетілді. Шыңжаңда түрлі ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп жатыр. Олардың мәдениеттері өзара сабақтасып, мемлекет тарапынан барлық этностардың мәдени мұрасын сақтау бағытында үлкен жұмыс жүргізілуде. Осы сапарда көп сурет түсіріп, оқырмандарға әсем Шыңжаң туралы кеңінен жазғым келеді», – деді Олег Белов.
Цзинхэ ауданы Қытайдағы годжи жидегінің отаны ретінде белгілі. Аудандағы егістік алқаптары Шыңжаңдағы барлық годжи плантацияларының 60 пайыздан астамын құрайды. Бүгінде мұнда годжи жидегінен жасалатын 80-нен астам өнім түрі шығарылады және олар әлемнің 23 елі мен өңіріне экспортталады.
Өзбекстанның Ферғана облыстық журналистер қауымдастығының төрағасы Мұхаммаджон Обидов алғаш рет өз қолымен годжи жидегін жинап көргенін айтты.
«Жаңа жиналған жидектің дәмі ерекше екен. Ал өңделген өнімдердің сапасы да жоғары деңгейде. Годжи өндірісі Цзинхэ ауданы экономикасының маңызды саласына айналған. Менің ойымша, Қытайдың ауыл шаруашылығын дамыту тәжірибесі жан-жақты зерттеуге лайық», – деді ол.
Бортала-Моңғол автономиялық округі Шыңжаңның солтүстік-батысында орналасқан және Қазақстанның Жетісу облысымен шектеседі. Өңір қолайлы географиялық орналасуының арқасында халықаралық логистикалық хаб ретінде маңызды рөл атқарады.
Мұнда Алашанькоу өткізу пункті орналасқан. Ол Қытайдағы алғашқы бірінші санаттағы халықаралық өткізу бекеттерінің бірі болып саналады және теміржол, автомобиль және құбыр арқылы тасымалдарды біріктіретін маңызды көлік торабы қызметін атқарады.
