Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатындарға жаңа балдық жүйе енгізіледі. Көлік жүргізушісінің айыппұл балы 20-ға жеткен жағдайда 12 айға жүргізуші куәлігінен айырылады,- деп хабарлайды SteppeNews.kz Stan.kz—ке сілтеме жасап.
Жаңа балдық жүйеге сәйкес, бір жыл ішінде 20 балл жинағандар 365 күнге жүргізуші куәлігінен қағылады. Қазір бұл жағдайда қайта емтихан тапсыру мәселесі қаралып жатыр. Жол ережесін бұзушыларды бақылауға арналған жүйе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында сынақтан өтіп жатыр. Әрбір құқықбұзушылық үшін жүргізушіге айыппұлмен бірге, қосымша 1-ден 3-ке дейін айыппұл балы есептеледі. Балл көлемі бұзушылықтың ауырлығына қарай белгіленеді, ал деректер Бас прокуратураның әкімшілік істер жөніндегі бірыңғай базасынан алынады.
“Бұл жүйе негізінен жазалау үшін емес, жүргізушілерді тәртіпке үйрету үшін енгізілуге тиіс. Қазір Алматыда жүргізушілердің көліктерін вело мен автобус жолақтарына қойып кетуі жиі кездеседі. Балдық жүйе енгізілсе, жол ережесін сақтау деңгейі артады деп болжанып отыр”, – деді автосарапшы Алексей Алексеев.
«Жоба әзірге сынақ режимінде жүріп жатыр. Сол себепті 20 балға жеткен жүргізушілерге ешқандай шектеу қолданылып жатқан жоқ. Бұл кезеңде 20 балға жеткен азаматтарды анықтау немесе оларға құқықтық шара қолдану жүзеге асырылмайды. Барлық нәтиже тек жүйенің жұмыс қабілетін бағалау үшін қолданылады», — дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Ескертейік, айыппұл балдары сот шешімі немесе тиісті қаулы күшіне енгеннен кейін ғана есепке алынады. Жүргізушілерге шешіммен келіспеген жағдайда оны сот арқылы даулауына болады.
Жалпы жобаны толық іске қосу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін ғана балдық жүйені енгізуге қатысты түпкілікті шешім шығады.
