Моңғолия мен Қырғызстан геология, тау-кен өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, инвестиция және көлік-логистика бағыттарындағы өзара байланысты дамытуға ниетті деп жазады, SteppeNews.kz montsame.mn сайтына сілтеме жасап.
Бұл мәселелер Моңғолияның салалық министрі Гонгорын Дамдинням мен Қырғызстанның Моңғолиядағы елшісі Айбек Молдагазиевтің кездесуінде талқыланды.
Кездесу барысында министр минералдық ресурстар саласындағы реформалар, заңнаманы жетілдіру және ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру жоспарлары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарын дамыту, шетелдік инвестиция тарту және шикізат экспортынан қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу басым бағыттардың қатарында.
Өз кезегінде Қырғызстан елшісі жүргізіліп жатқан реформаларға оң бағасын беріп, геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу салаларында заманауи технологияларды енгізуге қызығушылық білдірді. Сондай-ақ тараптар стратегиялық маңызы бар минералдық шикізат түрлерін игеру, уран жобаларын жүзеге асыру және алтын өндіру кәсіпорындарының өндірістік қалдықтарын қайта өңдеу мүмкіндіктерін қарастырды.
Бұдан бөлек, тараптар көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржол жобасы, теміржол тасымалдарын автоматтандыру және өңірлік көлік дәліздерін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу барысында жанармай сақтау қуаттарын кеңейту және мұнай өнімдерін тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.
Келесі материал: Қазақстан мен Қытай жол инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен жобаларды қарастырады
