SteppeNews.kz: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің соңғы ресми деректеріне сүйенсек, елімізде білім алып жатқан Қытай азаматтарының санында айтарлықтай өсім байқалады. Бүгінде қазақстандық жоғары оқу орындарында 3 367 Қытай студенті білім алуда. Өсім динамикасы таңғалдырарлық: егер 2020 жылы олардың саны небәрі 977 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2 089-ға жетіп, биыл 3,3 мыңнан асып жығылды. Осылайша, Қытай елімізге ең көп студент жіберетін мемлекеттер арасында Үндістан, Түркіменстан және Өзбекстанмен қатар үздік бестікке нық жайғасты.
Осы орайда, еліміздегі жетекші оқу орны — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бақыт Манатқызы бізге берген сұхбатында бұл үрдістің терең себептері мен мазмұнына тоқталды:
«Қазіргі кезеңде Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық екі елдің стратегиялық серіктестігінің маңызды бағытына айналып отыр. Әсіресе академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми зерттеулер мен инновациялық бағдарламаларды дамыту басты назарда. Соңғы жылдары бұл байланыстар тек тілдік немесе гуманитарлық бағытпен шектелмей, технологиялық және ғылыми-инновациялық деңгейге көтерілді. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында университетаралық байланыстар жаңа серпін алды», — дейді Бақыт Манатқызы.
Профессордың пайымдауынша, қытайлық жастардың біздің елге ағылуының өзіндік логикасы бар.
«Ең алдымен, екі елдің географиялық жақындығы мен тарихи-мәдени байланыстары маңызды рөл атқарады. Қазақстан университеттері қытайлық жастарға Орталық Азия кеңістігін тереңірек тануға, халықаралық ортада тәжірибе жинауға және бірнеше тілді қатар меңгеруге жол ашады. Әсіресе қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар қолданатын академиялық орта олардың болашақ кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді», — деп атап өтті ол.
Бүгінде шетелдік студенттердің мамандық таңдау талғамы да трансформацияға ұшыраған. Бұл туралы сарапшы былай дейді:
«Егер бұрын тілдік және филологиялық бағыттар басым болса, қазіргі таңда халықаралық қатынастар, экономика, медицина, инженерия, IT және энергетика салаларына қызығушылық артуда. Бұл — еңбек нарығындағы жаңа талаптардың көрінісі. Дегенмен, қазақ тілі мен аймақтану бағыттары әлі де маңызды, себебі Қытай үшін Орталық Азия өңірін зерттеу — стратегиялық басымдық».
Сұхбат барысында Бақыт Манатқызы қытайлық студенттердің қазақ қоғамына тез сіңісетінін де тілге тиек етті.
«Қазақ қоғамындағы қонақжайлық, мәдени ұқсастықтар мен ашық қарым-қатынас олардың әлеуметтік ортаға тез бейімделуіне оң әсер етеді. Студенттердің пікірінше, қазақстандық білім беру жүйесінің басты артықшылығы — оның тәжірибеге бағытталуында. Қазақстандық диплом Қытайда Орталық Азиямен байланысы бар компанияларда, сауда және логистика секторларында үлкен кәсіби артықшылық береді», — деп қорытындылады профессор.
