SteppeNews.kz: FURIA командасының ойыншысы Даниил «Molodoy» Голубенко PGL Astana 2026 турниріндегі команданың басты мақсаты — чемпион атану екенін айтты.
Киберспортшы Қазақстанда Counter-Strike пен жалпы киберспортқа қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, елдегі киберспорт сахнасы біртіндеп дамып, бұл бағытқа балалар ғана емес, ересектер де белсенді қызығушылық таныта бастаған.
Molodoy плей-офф кезеңіне шығу мен жанкүйерлер алдында аренада өнер көрсетудің маңызы зор екенін айтты. Команда артық қысымға бой алдырмай, өз ойын көрсетуге және сенімділікті сақтауға тырысып жатқанын жеткізді.
Алдыңғы матчтағы жеңістен кейін ойыншы командада жағымды эмоция мен қосымша мотивация пайда болғанын айтты. Оның сөзінше, былтыр ұжымға турнир жеңісіне жету үшін аз ғана нәрсе жетіспеген.
PGL Astana 2026 турнирі Астанада 9–17 мамыр аралығында өтіп жатыр. Жарысқа 16 команда қатысуда, ал жүлде қоры 1,6 млн долларды құрайды.
