SteppeNews.kz: Қазақстанда маркетплейстер мен сауда желілеріне «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар тауарларды белсендірек ілгерілету міндеттелмек. Бұл талаптар отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды.
Жаңа бастамаға сәйкес, дүкен сөрелеріндегі өнімдердің кемінде 30 пайызы қазақстандық тауарлар болуы тиіс. Бұл ретте тауардың санына ғана емес, оның орналасу тәртібіне де басымдық беріледі.
ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айжан Бижанова атап өткендей, отандық өнімдер сатып алушыға бірден көрінетін ең қолайлы жерлерге, яғни көз деңгейіндегі «алтын сөрелерге» қойылуы керек.
Оның айтуынша, дәл осы орындар тұтынушы назарын тез аударып, сауданың жүруіне септігін тигізеді. Ведомство өкілі қазақстандық өндірушілердің дүкендердегі мұндай тиімді орындарды иеленуге толық құқылы екенін қадап айтты.
Мұндай шешімдердің тиімділігі іс жүзінде дәлелденіп үлгерді. Пилоттық жоба аясында бірқатар дүкендерде қазақстандық ірімшіктерді көрнекі жерге қоюдың арқасында, небәрі төрт апта ішінде олардың саудасы 20 пайызға артқан.
Билік өкілдері бұл шаралар жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, отандық өнімнің тұтынушылар арасындағы танымалдылығын арттырады деп есептейді.
