SteppeNews.kz: Қазақстанда 1–16 мамыр аралығында өтіп жатқан «Dala.Camp» ұлттық мал шаруашылығы экспедициясының қатысушылары қырылған киіктердің көптеген өлекселерін тапты. Бұл оқиға Баянауыл мен Курчатов аралығындағы учаскеде, Жаңа Ақшиман ауылына жетпейтін жерде орын алған.
Экспедиция мүшелерінің пікірінше, жануарлардың өлекселері бұл жерде ұзақ уақыттан бері жатыр. Бұл киіктердің бір сәтте емес, біртіндеп қырылғанын аңғартуы мүмкін.
Мұндай жағдайдың бір себебі ретінде көбею кезеңіне байланысты табиғи биологиялық процестер қарастырылуда. Бұл уақытта жануарлардың ағзасына түсетін салмақ артып, олардың әлсірейтіні белгілі.
«Turan» қауымдастығы басқармасының төрағасы, «Dala.Camp» қоғамдастығының негізін қалаушы әрі экспедиция жетекшісі Жәнібек Кенжебаев былай деді:
«Өлекселердің жатқанына көп болған, тіпті ағарып кеткен. Біз киіктердің көптеген өлі денелерін көрдік, көбісінің мүйіздері орнында. Бұл жануарлардың маталу (күйек) кезеңіне тұспа-тұс келуі мүмкін: бұл уақытта олар әлсірейді, жиі шағылысады және осал болып келеді, соның салдарынан өлім-жітім жиілейді».
Дегенмен, нақты қорытынды жасау үшін сала мамандарының қосымша талдауы қажет.
Экспедиция өз бағытын жалғастыруда. Мал шаруашылығы мен оның экожүйесінің жай-күйіне тереңірек талдау жасау үшін қатысушылар бақылау нәтижелерін тіркеп, далалық деректерді жинап жатыр.
