Алматыда белгіленбеген орындарда отшашу атып, петарда қолданған тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мамандар пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелерін түсіндіріп, олардың қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы ескертті. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес, қоғамдық тыныштық пен белгіленген тәртіпті бұза отырып, тыйым салынған орындарда пиротехникалық бұйымдарды пайдаланған азаматтарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар пиротехникалық заттар тәркіленеді. Ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін артады.
Мамандар айыппұлдың ауаны ластағаны үшін емес, пиротехниканы пайдалану тәртібін бұзғаны үшін салынатынын атап өтті. Дегенмен отшашулар қоршаған ортаға да кері әсер етеді. Экологтардың мәліметінше, жарылыс кезінде ауаға түтін, күйе және ұсақ зиянды бөлшектер таралады. Әсіресе желсіз күндері бұл заттар ауада ұзақ сақталып, олардың таралуы қиындайды.
Бұдан бөлек, Алматыда пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатысты қосымша шектеулер енгізу жоспарланып отыр. 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап қаланың атмосфералық ауасын қорғау қағидаларындағы азаматтық пиротехниканы шығарындылар деңгейі төмен аймақта (LEZ) қолдануға тыйым салатын норма күшіне енеді.
Алайда бұл өзгеріс отшашуға бүкіл қала аумағында бірден тыйым салынатынын білдірмейді. Шектеуді жүзеге асыру үшін алдымен Алматы әкімдігі LEZ аумағының шекарасын белгілейтін жеке қаулы қабылдауы қажет. Осыдан кейін белгіленген аумақта пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатысты экологиялық талаптар қолданылады.
«Eco Almaty» мамандары тұрғындарды отшашу мен петарда қолданудан бас тартуға, қоғамдық тыныштықты сақтауға және қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге шақырды.
Келесі материал: Алматыда ЮНИСЕФ-тің мерейтойлық қайырымдылық кеші өтті: жиналған қаражат балаларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан қорғауға жұмсалады
