SteppeNews.kz: Жуырда Мәжіліс «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат мамандардың біліміне, кәсіби деңгейі мен этикасына қойылатын нақты талаптарды енгізуді көздейді.
Бұл өзгерістердің психологиялық қызметтер нарығына қалай әсер ететінін Qazaq Expert Club шақырылған сарапшысы, дипломды психолог Жадыра Сабирова түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, соңғы жылдардағы негізгі мәселе – мамандықтар арасындағы шекараның көмескіленуі. Көп жағдайда адамдар кімге жүгініп жатқанын нақты ажырата алмайды: арнайы білімі бар маманға ма, әлде кәсіби дайындығы жоқ, бірақ әлеуметтік желіде белсенді тұлғаға ма?
«Іс жүзінде бұл – осал күйдегі адам қате көмек алуы мүмкін деген сөз. Мысалы, мазасыздық бұзылысы мотивацияның жетіспеушілігі ретінде түсіндіріліп кетуі ықтимал. Нәтижесінде мәселе шешілмей, одан әрі ушығады,» – дейді сарапшы.
Жадыра Сабирова коуч, психолог және психотерапевт арасындағы айырмашылық тек қолданылатын әдістерде емес, ең алдымен маманның жауапкершілік деңгейінде екенін алға тартады.
Коуч мақсат қоюға, тұлғалық дамуға және нәтижеге жетуге бағыттайды. Психолог эмоциялармен, мінез-құлық ерекшеліктерімен және ішкі қайшылықтармен жұмыс істейді. Ал психотерапевт терең психикалық күйлер мен бұзылыстарды ғылыми негізделген әдістер арқылы емдеумен айналысады және, әдетте, қосымша клиникалық дайындықтан өтеді.
«Бұл – кәсіби жауапкершіліктің әртүрлі деңгейлері. Егер осы рөлдер араласып кетсе, адам қажетті көмекті ала алмау қаупі артады», – дейді психолог.
Оның пайымдауынша, Қазақстандағы психологиялық қызметтер нарығы ұзақ уақыт бойы жүйесіз дамығандықтан, мамандардың атқаратын рөлдері араласып кеткен.
«Қазір жарақат пен депрессиямен айналысып жүрген коучтарды, өзін терапевт ретінде таныстыратын, бірақ жеткілікті дайындығы жоқ психологтарды, сондай-ақ арнайы білімі жоқ, “трансформациялық” қызметтер ұсынатын адамдарды кездестіруге болады», – дейді Сабирова.
Кәсіби стандарттарды енгізу, мамандар тізілімін жасау және білімге қойылатын талаптарды күшейту – ең алдымен, клиенттің құқығын қорғауға бағытталған қадам. Бұрын таңдау көбіне біреудің ұсынысына немесе жеке сенімге негізделсе, енді кәсіби талаптарға сәйкестік маңызды бағдарға айналмақ.
Халықаралық тәжірибеде мұндай жүйелер бұрыннан қалыптасқан. Психотерапия көбіне денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде реттеледі, онда міндетті білім, тәжірибе және лицензиялау талап етіледі. Коучинг салыстырмалы түрде икемді сала болып қалғанымен, оның да өз стандарттары мен сертификаттау жүйелері бар.
Ұзақ мерзімді перспективада мұндай өзгерістер нарықтың сапалық тұрғыда өсуіне ықпал етпек.
«Психологиялық көмек бейресми қызмет ретінде қабылданбай, кәсіби біліктілік, жауапкершілік және нақты шекаралар маңызды болатын салаға айналады», – деп түйіндеді Жадыра Сабирова.

