Қазақстандық аспаздар «ШЫҰ жазы – 2026» халықаралық бағдарламасы аясында Қытайдың Циндао қаласында өткен «Асүй патшасы» халықаралық гастрономиялық байқауында күміс жүлдеге ие болды. Байқауға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық асханасын таныстырған үздік бас аспаздар қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz, Nar Group компаниясына сілтеме жасап.
Қазақстан намысын беделді додада Nar Group компаниясының бренд-шефі Валихан Кин қорғады. Ол дәстүрлі қазақ тағамдарын заманауи гастрономиялық тәсілдермен үйлестіріп ұсынып, ұлттық асхананың ерекшелігін халықаралық деңгейде танытты.

Байқау жеңімпаздары кәсіби қазылар алқасының 70 пайыздық бағасы мен көрермендердің 30 пайыздық дауыс беруінің қорытындысы бойынша анықталды. Қатысушылар тағамның дәмі, аспаздық шеберлігі, креативтілігі және ұлттық гастрономиялық дәстүрлерді үйлестіре білуі бойынша бағаланды.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы ШЫҰ елдерінің үздік өкілдері арасында екінші орын алып, күміс жүлдені иеленді. Халықаралық қазылар алқасы қазақстандық аспаздардың жоғары шеберлігін, тағамдарды ұсыну мәдениетін және ұлттық дәстүрді сақтай отырып, заманауи бағытта дамыта білгенін жоғары бағалады.
Бүгінде қазақтың ұлттық асханасы әлемдік деңгейде өз орнын нығайтып келеді. Отандық бас аспаздар халықаралық байқаулар мен гастрономиялық фестивальдерге тұрақты қатысып, қазақ тағамдарын жаңа үлгіде таныстырып, еліміздің аспаздық мектебінің кәсіби деңгейін көрсетіп жүр.
«Бұл марапат – ең алдымен қазақ асханасының халықаралық деңгейде мойындалуы. Біз ұлттық тағамдарымыздың әлеуеті зор екенін және оның әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға қызықты бола алатынын көрсетуді мақсат еттік. Әр тағамның артында халқымыздың тарихы, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет жатыр. Бұл жеңіс қазақ гастрономиясын одан әрі дамытып, оны әлемге кеңінен танытуға жігер береді», – деді Nar Group бренд-шефі Валихан Кин.

Компания өкілдерінің айтуынша, заманауи қазақстандық гастрономияны дамыту және ұлттық асхананы халықаралық деңгейде дәріптеу – негізгі басым бағыттардың бірі. Сонымен қатар халықаралық кәсіби байқауларға қатысу әлемнің жетекші аспаздарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Циндаодағы күміс жүлде – қазақтың ұлттық тағамдарының халықаралық деңгейде жоғары бағаланып келе жатқанының тағы бір дәлелі. Бұл жетістік қазақ асханасына деген қызығушылықтың артып, оның әлемдік гастрономиядағы беделінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.
