Қазақстандық UFC-дің жартылай орта салмақтағы жауынгері Шавкат Рахмонов ұзақ уақытқа созылған жарақатынан кейін октагонға қайта оралуды жоспарлап отыр. Бұл туралы оның бапкері Эдуард Базров мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz, Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Бапкердің айтуынша, Рахмонов қазіргі уақытта жаттығуын жалғастырып, қалпына келу кезеңінен сәтті өтіп жатыр. Оның UFC-дегі аяқталмаған мақсаттары бар және чемпиондық белбеу үшін күресу жоспары өзгерген жоқ. Команда қазақстандық спортшының келесі жылы жекпе-жектерге қайта қосылатынына сенім білдіруде.
«Шавкат жаттығуын тоқтатқан жоқ. Оның UFC-ге қайта оралуға деген ниеті зор. Ол чемпиондық белбеуге бір қадам қалған еді, сондықтан алдына қойған мақсатына жетуді қалайды. Барлығы спортшының өзіне, оның жігері мен еңбекқорлығына байланысты. Біз өз тарапымыздан оның бұрынғы бабына келіп, мықты оралуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қалпына келу процесі жақсы жүріп жатыр, жаңа жылы ол толыққанды дайын болады деп сенеміз», – деді Эдуард Базров Namys Fighting арнасына берген сұхбатында.
Өткен демалыс күндері Шавкат Рахмонов Бакуде өткен UFC турниріне арнайы барып, жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын өзіне аударды. Жекпе-жек кешінің қатысушысы болмаса да, оның келуі спортшының жақын арада октагонға қайта оралуы туралы әңгімені күшейтті.
Еске салайық, тізе жарақатына байланысты ұзақ үзіліс алған Рахмонов UFC рейтингінен шығып қалды. Бұған дейін ол жартылай орта салмақтағы үздік файтерлердің қатарында болып қана қоймай, салмақ дәрежесіне қарамастан UFC-дің ең үздік 15 спортшысының тізіміне енген еді.
Қазақстандық спортшы соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңген болатын. Бұл жеңіс оны чемпиондық айқасқа бір қадам жақындатқанымен, кейін алған тізе жарақаты ұзақ уақыт бойы спорттан үзіліс жасауына себеп болды.
