Бейжіңде адам тәрізді роботтар арасындағы 2-ші дүниежүзілік ойындар басталды

Бейжіңде адам тәрізді роботтар арасындағы екінші дүниежүзілік ойындардың ашылу салтанаты өтті. Биылғы жарысқа 16 елден 666 команда мен 2 056 робот қатысып жатыр деп хабарлайды SteppeNews.kz Синьхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Бес күнге жоспарланған іс-шара Ұлттық конькимен жүгіру стадионында («Мұзды лента») өтіп жатыр. Бағдарламаға 51 жарыс түрі енгізілген.
Ашылу салтанатында технологияның мүмкіндіктері мен адам тәрізді роботтардың өндіріс пен күнделікті өмірде қолданылуы таныстырылды. Шараға шамамен 1 000 гуманоид робот қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетті.
Биыл жарыс тапсырмалары арнайы имитациялық алаңдардан нақты нысандарға көшірілді. Роботтар фабрикаларда, қонақүйлерде және арнайы демонстрациялық үйлерде сынақтан өтеді. Осылайша ұйымдастырушылар адам тәрізді роботтарды тек технологияны көрсету құралы емес, нақты өндірістік міндеттерді орындай алатын жүйе ретінде дамытуға басымдық беріп отыр.
Ойындарды Бейжің қаласының халық үкіметі, Қытай медиакорпорациясы (China Media Group), Дүниежүзілік робототехника саласындағы ынтымақтастық ұйымы және Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі робототехникадан әлем кубогының халықаралық кеңесі бірлесіп ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар технологиялық алмасуды, өнеркәсіптік ынтымақтастықты және іске асырылған интеллект технологияларын дамытуға бағытталған.
Адам тәрізді роботтар арасындағы алғашқы дүниежүзілік ойындар 2025 жылдың тамызында өтті. Оған 16 елден 280 команда және 500-ден астам гуманоид робот қатысты.



