Қытай 25 қарашада «Шэньчжоу-24» басқарылатын ғарыш кемесін ұшыруды жоспарлап отыр. Миссия аясында «Тяньгун» орбиталық станциясында 90 ғылыми тәжірибе мен технологиялық сынақ жүргізіледі, деп хабарлайды SteppeNews.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Қытайдың басқарылатын ғарыш бағдарламасы басқармасының (CMSA) мәліметінше, зерттеулер бірнеше бағытты қамтиды. Олардың қатарында ғарыш биологиясы, материалтану, сұйықтықтар физикасы, микрогравитация жағдайындағы жану процестері, іргелі физика, ғарыш медицинасы және жаңа ғарыштық технологиялар бар. Бұл туралы баспасөз мәслихатында бағдарлама басқармасының ресми өкілі Чжан Цзинбо мәлімдеді.
Сонымен қатар Қытай алдағы миссияға қатысатын экипаж құрамын таныстырды. Оның құрамына қытайлық ғарышкерлер Тан Хунбо мен У И, сондай-ақ Пәкістан өкілі Мұхаммад Зишан Әли кірді.
Экипаж командирі болып Тан Хунбо тағайындалды. Ол бұған дейін «Шэньчжоу-12» және «Шэньчжоу-17» миссияларына қатысқан. Алдағы сапары сәтті жүзеге асса, ол Қытайдың «Тяньгун» орбиталық станциясына үш рет барған алғашқы ғарышкер атанады.
Қытай ғарышкерлерінің үшінші тобының өкілі У И үшін бұл алғашқы ғарыш сапары болмақ.
Ал Пәкістан азаматы Мұхаммад Зишан Әли «Тяньгун» станциясына барған алғашқы шетелдік ғарышкер атануы мүмкін. Экипаж мүшелері ғарыш кемесінде ұшқыш, бортинженер және ғылыми жабдықтарға жауапты маман міндеттерін атқарады.
«Шэньчжоу-24» кемесін 25 қарашада Бейжің уақытымен сағат 08:18-де (Астана уақытымен 05:18-де) Қытайдың солтүстік-батысындағы Цзюцюань ғарыш айлағынан ұшыру жоспарланған.
Айта кетейік, «Шэньчжоу» – Қытайдың өз күшімен әзірлеген басқарылатын ғарыш кемелерінің сериясы. Оның негізгі міндеті – ғарышкерлер мен қажетті жүктерді орбитаға жеткізу және оларды Жерге қайтару. Кеме үш бөліктен: орбиталық, қайтарылатын және қозғалтқыш модульдерінен тұрады. Ол үш ғарышкерді тасымалдауға және орбиталық станциямен түйісуге арналған. Ал «Тяньгун» – Қытайдың ғарышкерлер ұзақ уақыт тұрып, ғылыми зерттеулер жүргізетін орбиталық станциясы. «Шэньчжоу» кемелері осы станцияға экипаж жеткізу және оны ауыстыру міндеттерін атқарады.
Келесі материал: Су, орман және жел: Қазақстан алдағы жылдары қандай жасыл технологиялардан табыс таба алады?
