TikTok әлеуметтік желісі қоғам қайраткерлерінің бейнесін рұқсатсыз пайдаланатын жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен жасалған контентті анықтауға арналған жаңа құралды кезең-кезеңімен іске қосып жатыр. Likeness Detection деп аталатын функция жалған материалдарды тауып, олар туралы шағым жіберуге мүмкіндік береді, деп жазады SteppeNews.kz Euronews — ке сілтеме жасап.
Компанияның мәліметінше, жаңа құрал ең алдымен мемлекеттік органдар өкілдеріне, саясаткерлерге және саяси партиялардың аккаунттарына арналған. Ол қолданушыларға өздерінің бейнесі пайдаланылған ЖИ контентін анықтап, мұндай материалдарды платформаның қауіпсіздік тобына тексеруге жіберуге көмектеседі.
Функцияны пайдалану үшін жарамды қолданушылар арнайы тіркеуден өтіп, жеке басын үшінші тараптың сенімді серіктесі арқылы растауы керек. Тіркеуден кейін TikTok олардың сыртқы келбеті қолданылуы мүмкін контент немесе аккаунттар туралы хабарлама жібереді. Қолданушылар күмәнді материалдарды құралдың ішінде қарап, тікелей шағымдана алады.
Бұл бастама Еуропадағы сайлау үдерістеріне әсер етуі мүмкін ЖИ арқылы жасалған жалған ақпарат пен дипфейктердің көбеюі аясында қолға алынып отыр. Алдағы 12 айда Еуропаның тоғыз елінде сайлау өтеді.
Еуропалық одақ та жасанды интеллект саласындағы ашықтық талаптарын кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. 2026 жылғы 2 тамыздан бастап күшіне енген ЖИ туралы заңға сәйкес, дипфейктер мен жасанды интеллект көмегімен жасалған өзге де контент арнайы белгіленуі керек.
TikTok бұған дейін де ЖИ арқылы жасалған шынайы көрінетін суреттерді, аудио және бейнематериалдарды белгілеу талабын енгізген болатын.
ЖИ көмегімен жасалған контентті тексеретін сервис іске қосылды
TikTok пайдаланушыларға сурет немесе бейненің платформаның өз құралдары арқылы жасалғанын не өңделгенін тексеруге мүмкіндік беретін тағы бір сервисті ұсынды.
Identify AI-Generated Content деп аталатын құрал тегін қолжетімді. Оны пайдалану үшін TikTok аккаунтының болуы міндетті емес. Қолданушылар сурет немесе бейне жүктеп, оның TikTok пен ByteDance компаниясының ЖИ құралдары арқылы жасалғанын немесе өзгертілгенін тексере алады. Олардың қатарында CapCut, Dreamina, Hypic және Pippit қосымшалары бар.
Сервис JPEG, PNG және MP4 сияқты кең таралған файл пішімдерін қолдайды. Суреттің көлемі 20 мегабайттан, ал бейне немесе аудио файлының көлемі 100 мегабайттан аспауы керек.
Құрал контенттің жасанды интеллект көмегімен жасалғанын немесе өңделгенін көрсететін екі белгіге назар аударады. Біріншісі — TikTok пен ByteDance қосымшалары қосатын метадеректер. Екіншісі — материалдың ішіне енгізілетін, алып тастау қиынырақ көрінбейтін сутаңбалар.
Компания тексеруден кейін жүктелген материалдардың бірден жойылатынын және олардың ЖИ модельдерін үйрету үшін пайдаланылмайтынын мәлімдеді.
Дегенмен TikTok бұл сервистің мүмкіндігі шектеулі екенін ескертеді. Ол тек платформаның өз құралдары немесе ByteDance сервистері арқылы жасалған не өңделген контентті анықтайды. Сондықтан оны интернеттегі кез келген ЖИ материалын танитын әмбебап құрал деп қарастыруға болмайды.
Келесі материал: Қазақ халқының антропологиялық тарихын зерттеген академик Оразақ Смағұлов дүниеден өтті
