Орал қаласында қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлиді еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралық турнир басталды. Байрақты бәсекеге алты мемлекет пен Қазақстанның бірнеше өңірінен 400-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 1,5 млн теңге, деп жазады SteppeNews.kz.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі Jaiyq Arena спорт кешенінде өтті. Оған Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Ауғанстан елдерінің өкілдері, сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірінен келген спортшылар қатысуда.

Жарыс ардагерлер, жастар, балалар мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, оның орынбасары әрі Батыс Қазақстан облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Мұхтар Манкеев, спорт ардагерлері мен ұлттық ойын жанашырлары қатысты.
Аймақ басшысы қатысушыларды турнирдің ашылуымен құттықтап, ұлттық спортты дамыту мен қазақтың рухани құндылықтарын дәріптеудің маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, төл спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бүгінде ұлттық ойынымыз әлемдік деңгейде танылып, халықаралық жарыстардың ауқымы кеңейіп келеді. Қадыр Мырза Әлидей ұлт руханиятының көрнекті өкілін ұлықтауға арналған бұл турнирдің Жайық жерінде өтуі – біз үшін үлкен мәртебе. Мұндай жарыстар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, ұлттық мұрамызды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді, – деді Нариман Төреғалиев.

Шара барысында ұлттық спорттың дамуына үлес қосқан жаттықтырушылар мен сала өкілдеріне «Тоғызқұмалақ қайраткері» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ Түркияның Амасия қаласында өткен дүниежүзілік жарыста жеңіске жеткен, бес дүркін әлем чемпионы Самира Оразмұханбет құрметке бөленді.
Бес күнге жоспарланған халықаралық турнир спортшылардың тәжірибе алмасуына, жас таланттардың танылуына және тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейде насихатталуына бағытталған.
Келесі материал: Қытай ғарышқа алғашқы шетелдік ғарышкерді жіберіп, 90 ғылыми тәжірибе өткізеді
