• kk
  • ru
  • Ақтөбе теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды

    👁 23

    Ақтөбе облысында Ақтөбе теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаңартылған нысанның ресми ашылуы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының алаңында өткен жалпыұлттық онлайн-марафон аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

    Жаңартылған вокзал заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушыларға арналған кең әрі жайлы кеңістікке айналды. Жөндеу барысында қауіпсіздік, қолжетімділік және қызмет көрсету сапасына басымдық берілді.

    Фото: ҚР Көлік министрлігі

    Ақтөбе теміржол вокзалы 1976 жылы салынған. Қайта жаңғырту нәтижесінде нысанның жалпы ауданы 142,5 шаршы метрге ұлғайып, 7 377,5 шаршы метрді құрады. Алты қабатты ғимараттың жалпы биіктігі 23,7 метр.

    Реконструкция кезінде ғимараттың қасбеті мен шатыры, ішкі бөлмелері және инженерлік жүйелері жаңартылды. Іргелес аумақ абаттандырылып, перрон инфрақұрылымы да жаңғыртылды.

    Фото: ҚР Көлік министрлігі

    Вокзалда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоса алғанда, барлық жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Қабаттар арасында еркін қозғалу үшін лифтілер мен эскалаторлар орнатылды. Сонымен қатар кіреберіс, кассалар аймағы, күту залдары мен санитарлық бөлмелер жаңартылды.

    Фото: ҚР Көлік министрлігі

    Жоба аясында су, кәріз, жылу, электрмен жабдықтау және әлсіз токты желілер секілді инженерлік жүйелер толық жаңартылды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа жиһаздар мен қажетті жабдықтар орнатылып, реконструкция кезінде отандық өндіріс материалдары пайдаланылды.

    Ақтөбе вокзалы санаттан тыс нысанға жатады. Мұнда тәулігіне орта есеппен 4 724 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Станция арқылы Қазақстанның бірқатар ірі қалаларына, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанға қатынайтын 34 жолаушылар пойызы өтеді.

    Фото: ҚР Көлік министрлігі

    Вокзалды жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, көлік инфрақұрылымының маңызды нысандарының бірін заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік берді.