31 қазанда Алматыдағы GT OIL Service техникалық қызмет көрсету орталығында Дінмұхамед Қонаев мінген тарихи ЗИЛ-114 автокөлігі таныстырылды. Кеңестік кезеңнің сирек лимузині осыдан 50 жыл бұрын шығарылған.
Таныстырылым алдында мамандар көлікке қажетті техникалық қызмет көрсетіп, оның түпнұсқа бөлшектерін сақтап қалуға ерекше мән берді.
Қонаевтың қызметтік көлігі: тарихы мен естеліктер
Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Елдар Қонаев бұл көліктің тарихына тоқталды.
«ЗИЛ-114» маркалы көліктер КСРО Компартиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшелеріне арнап шығарылған. Бұл автокөлік 1976 жылы өндіріліп, 1977 жылы Кеңес Одағының Арнайы мақсаттағы гаражынан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Іс басқармасына Дінмұхамед Ахметұлының жеке қызметіне берілген.
1986 жылы Қонаев зейнетке шыққан кезде жаңа көліктер Мәскеуге қайтарылып, бұл ЗИЛ Алматыдағы Орталық комитет гаражында қалған. 1989 жылы Геннадий Колбиннің шешімімен көлік Қазақ КСР Ғылым академиясына тапсырылған.
Іс-шараның арнайы қонағы – Қонаевтың жеке жүргізушісі Сергей Корнеев болды. Ол кезінде осы лимузинмен республика басшысын тасымалдаған. Жүргізуші алғашқы жұмыс күнін еске алып, Қонаевтың сабырлы мінезі мен қолдауын атап өтті.
«Алғашқы күні жұмысқа шыққанда Дінмұхамед Ахметұлын жұмысқа апаруым керек болды. Қатты қобалжыдым. Қателесіп кетпесем екен деп уайымдадым. Сонда ол: “Сереке, уайымдама. Мен үшін бәрі жақсы, сен тым қатты қысылып отырсың, сәл босаңсы”, – деді. Осыдан кейін үйренісіп кеттім», – деді Сергей Корнеев.

Ол сондай-ақ Қонаевтың әзілге жақын болғанын және анекдоттарды жақсы көргенін еске алды.
1970 жылдардағы техникалық жаңалықтар
Көрмеге келгендер ЗИЛ-114 көлігінің сол кезең үшін озық саналған жабдықтарымен танысты. Автоматты беріліс қорабы мен электрлі терезе көтергіштері 1970 жылдары жоғары деңгейдегі техникалық жаңалықтардың бірі болған.

Іс-шараға тарихшылар мен автокөлік мамандарынан бөлек, жас мамандар да қатысты. Алматы көпсалалы колледжінің өндірістік оқыту шебері Тимур Шапинов автоэлектрик мамандығында оқитын студенттерді экскурсияға алып келді.
«Студенттер кезінде еліміздегі ең үздік көлік саналған, бүгінде ретроға айналған автомобильді өз көздерімен көрді. Мұндай тәжірибелік сабақтар олардың болашақ мамандығын жақсы түсінуіне және ынтамен білім алуына көмектеседі», – деді ол.
Тарихи мұраны сақтау

Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Болат Қажыақбар көлікті сақтау орнынан сервис орталығына жеткізу кезінде жұртшылықтың ерекше қызығушылық танытқанын айтты.
«Жолда адамдар көлікке сигнал беріп, қол бұлғап, оның қандай автомобиль екенін сұрап жатты. Біз терезеден “Бұл – Қонаевтың ЗИЛ-114 көлігі!” деп жауап бердік. Ал сервис орталығында техникалық жұмыстарды мамандар атқарды, біз олардың жұмысын тамашаладық», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесудің мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан тарихымен таныстыру және Дінмұхамед Қонаевтың мұрасын сақтау.

Қонаевтың басшылығы кезеңінде Қазақстанның өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуы қарқын алып, республика КСРО-да өнеркәсіп көрсеткіштері бойынша үшінші орынға көтерілген. Сондай-ақ астық пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде алдыңғы қатарда болған.
ЗИЛ-114 автокөлігінің таныстырылымы тарихи мұраны сақтаудың маңызын көрсетіп, жас мамандарға техникалық білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік берді.
Автор: Шаликова Алма, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ «Журналистика» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті.
Келесі материал: Ұлан-Баторда жаңа су көзі іске қосылды
