Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда «Батыс су көзі» деп аталатын жаңа су жүйесі пайдалануға берілді. Жоба Моңғолия үкіметі мен АҚШ-тың Millennium Challenge Corporation корпорациясы арасындағы екінші келісім аясында жүзеге асырылды. Бұл туралы SteppeNews.kz Монголия сейчас сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
2 қараша күні ұзындығы 9 шақырым, диаметрі 700–1000 мм болатын су құбырының құрылысы аяқталып, жаңа көзден қаладағы орталықтандырылған желіге су беріле бастады. Жүйе тәулігіне 14 мың текше метрге дейін су жеткізе алады.
Қазіргі уақытта Ұлан-Баторда тәулігіне орта есеппен 190–210 мың текше метр су тұтынылады. Ал «Батыс су көзі» тәулігіне 130–144 мың текше метрге дейін су өндіруге қауқарлы. Бұл оны елдегі ең ірі су көздерінің біріне айналдырады.

Су ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ц.Турхуу жаңа су көзі АҚШ-тың Millennium Challenge Corporation корпорациясы бөлген грант қаражатына салынғанын және орталықтандырылған жүйеге қосылып, жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де су бере бастағанын растады.
Бұған дейін Ұлан-Баторға ауызсу он су көзінен жеткізіліп келген. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін қаланың сумен жабдықтау жүйесінің жалпы қуаты тәулігіне 350–360 мың текше метрге дейін артты. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының су қажеттілігін 2050–2055 жылдарға дейін толық өтеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Туул су кешені» жобасы бойынша жұмыс жалғасуда. Ол жерүсті және жерасты су ресурстарын пайдалануды көздейді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, Қала құрылысы, құрылыс және тұрғын үй министрлігіне ұсынылған.
Ұлан-Баторды 2040 жылға дейін дамыту жоспарына сәйкес, қала халқы 2,3 миллион адамға жетеді деп болжануда. Жаңа су көзі болашақта астананы таза ауызсумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Келесі материал: COP31 аясында Қазақстан павильонында 36 іс-шара ұйымдастырылады
