2026 жылғы 9–20 қарашада Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) өтеді. Конференция аясында «Жасыл даму» АҚ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен ұлттық павильонның іскерлік бағдарламасын әзірлеуде. Бағдарлама климаттық шешімдерді ілгерілетуге, жасыл технологияларды таныстыруға және инвестиция тартуға бағытталған деп хабарлайды SteppeNews.kz.
COP31 жұмысына мемлекет басшылары, мемлекеттік делегациялар, бизнес және ғылым өкілдері, жастар мен азаматтық қоғам мүшелері қатысады. Күн тәртібінде парниктік газдар шығарындыларын қысқарту, климаттың өзгеруіне бейімделу және Париж келісімін іске асыру мәселелері қаралады.
Қазақстан павильонында климаттық саясат, жасыл технологиялар және орнықты даму саласындағы отандық әрі өңірлік бастамалар таныстырылады. Алдын ала жоспарға сәйкес, халықаралық сарапшылардың, БҰҰ ұйымдары мен қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен 36 іс-шара өткізу көзделген.
Бағдарламаның маңызды бөлігі – Орталық Азияның бес елінің экология министрлерінің кездесуі. Онда өңірлік ынтымақтастықты дамыту, ортақ климаттық бастамаларды жүзеге асыру және экологиялық мәселелерді бірлесіп шешу жолдары қарастырылады.
Климаттық қаржыландыру мен көміртегі нарықтарын дамыту да негізгі тақырыптардың қатарында. Қатысушылар Париж келісімінің тетіктерін, жасыл жобаларға инвестиция тартуды, әділетті энергетикалық ауысуды және Қазақстанның климаттық инвестициялық платформасын қалыптастыру мәселелерін талқылайды.
Сонымен қатар циркулярлық экономиканы дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу және таза технологияларды енгізу бағытындағы бастамалар ұсынылады. Орталық Азияда циркулярлық экономика саласындағы әріптестікті дамытуға арналған негіздемелік бағдарламаны талқылау жоспарланған. Қалалардың орнықты инфрақұрылым құру және инвестиция тарту тәжірибесіне де назар аударылады.
Климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері бойынша Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру, Каспий экожүйелерін сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығының климаттық тұрақтылығын арттыру және табиғи аумақтарды қорғау тақырыптары қозғалады.
Технологиялық кездесулерде жасанды интеллект пен ғарыштық технологияларды пайдалану, метан шығарындыларын бақылау, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру және ғылыми деректер негізінде климаттық шешімдер қабылдау мәселелері қаралады. Сондай-ақ климаттың өзгеруінің денсаулыққа әсері, экологиялық білім беру және жастардың климаттық саясатқа қатысуы талқыланады.
COP31 аясында 28-ге жуық құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Оның ішінде 19 меморандум, ынтымақтастық туралы келісімдер, шарттар және өзге де құжаттар бар. Құжаттар метеорология, энергетикалық ауысу, климаттық инвестициялар, таза технологиялар, қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау салаларын қамтиды.
«Жасыл даму» АҚ климаттық саясат, климаттың өзгеруіне бейімделу және орнықты даму бағыттарында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған меморандумдарға қол қоюды көздеп отыр. Құжаттардың нақты тізімі серіктестермен келісілгеннен кейін бекітіледі.
Қазақстан павильоны халықаралық байланыстарды кеңейтуге, климаттық жобаларға қаржы тартуға және Қазақстан мен Орталық Азияның экологиялық басымдықтарына сай практикалық шешімдерді ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Келесі материал: Шри-Ланкада Қытай қолдауымен 14 көпірді қалпына келтіру жұмыстары басталды
