Reuters халықаралық ақпарат агенттігі Алматыны Орталық Азиядағы дербес туристік бағыт ретінде таныстыратын жолсілтеме жариялады. City Memo айдарындағы «Almaty like a local» («Алматы жергілікті тұрғындардың көзімен») атты материалда қаланың мәдениеті, гастрономиясы және табиғи көрікті жерлері сипатталған. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Reuters – 1851 жылы Лондонда құрылған халықаралық ақпарат агенттігі. Қазір Thomson Reuters құрамына кіреді және әлемдегі жетекші жаңалық таратушылардың бірі саналады.
Жолсілтемеде Алматының туристік келбетін айқындайтын орындарға назар аударылған. Олардың қатарында қаланың тарихи орталығы, «Алтын шаршы», Көк базар, ұлттық тағамдар ұсынатын мейрамханалар мен сәулет ескерткіштері бар.

Табиғи бағыттар қатарында Shymbulak тау курорты, Тянь-Шань тауының бөктері, Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы ұсынылған.

Алматыға келген саяхатшылар бір сапар аясында қаланың мәдени өмірімен танысып, жергілікті асхананың дәмін татып, таулы аймақтарға бара алады. Қала мен табиғаттың жақын орналасуы Алматыны басқа туристік бағыттардан ерекшелейді.

Reuters жариялаған материал қаланың халықаралық туристік имиджін нығайтуға және шетелдік саяхатшылар арасында танымалдылығын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Болжам бойынша, 2026 жылы Алматыға 800 мыңнан астам шетелдік турист келеді.
Келесі материал: Алматыда халықаралық сарапшылар қатысқан қолөнер жәрмеңкесі өтті
