Алматыда қазақстандық шеберлер мен халықаралық кәсіби қауымдастық өкілдерін біріктірген екі күндік қолөнершілер жәрмеңкесі өтті. Қатысушылар өз бұйымдарын таныстырып, жаңа тұтынушылар тауып, іскерлік байланыстар орнатты деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
31 қазан мен 1 қараша аралығында «Атакент» көрме орталығында өткен жәрмеңкеде авторлық әшекейлер, киізден, былғары мен аң терісінен жасалған бұйымдар, керамика, экологиялық таза ойыншықтар және сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылды. Сонымен қатар келушілер шеберлік сабақтарына қатысып, дәстүрлі қолөнер әдістерімен танысты.

Жәрмеңке барысында шеберлердің өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Зергер Леонид Шкляев қолдан жасалған әшекейлерге қызығушылық көп болғанын айтса, батик шебері Ирина Гамблевская 20-дан астам бұйымын сатты.
Іс-шараға Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің (World Crafts Council) өкілдері де қатысты. Олардың қатысуы қазақстандық шеберлерге халықаралық тәжірибе алмасуға, өнімдерін шетел нарығында танытуға және шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ жәрмеңкеде отандық қолөнершілердің бұйымдарын насихаттауға және жаңа сатып алушылар табуға арналған «Шебер» цифрлық платформасы таныстырылды.

Іс-шара соңында қолөнерді дамытуға және ұлттық дәстүрді сақтауға үлес қосқан қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Жәрмеңке Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы туризм бюросының бастамасымен ұйымдастырылды.
Келесі материал: Алматыда Қонаевтың 50 жылдық ЗИЛ-114 лимузині таныстырылды
